Тойып тамақтану асқазан обырына әкелуі мүмкін – онкологтар ескертті

Жарияланды 16 Қыркүйек 2026 15:53

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Олеся Бассарова

Олеся Бассарова

General News бөлімінің тілшісі
еда
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Жиі артық тамақтану тек артық салмаққа әкеліп қана қоймай, асқазан-ішек жолының қауіпті ауруларына әкелуі мүмкін. Қазақстандық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, елде жыл сайын асқазан обырының шамамен 3 мың жағдайы анықталады. Олардың 60%-ға жуығы дәрігерге тым кеш жүгінеді.

Хирург-онколог Абай Жұмановтың айтуынша, асқазанға үнемі шамадан тыс салмақ түсу оның қимыл-қозғалысын бұзады. Сонымен қатар асқазанның шырышты қабығында созылмалы қабыну, рефлюкс және қатерлі ісік алды өзгерістердің пайда болу қаупі артады.

Ас қорыту жүйесі қалай бұзылады

Дәрігердің түсіндіруінше, мұндай өзгерістер ұзақ уақыт бойы жалғасса, асқазан обырының асқынуына ықпал етуі мүмкін.

«Сондықтан дұрыс тамақтануға мән беріп, денсаулыққа қатысты алаңдататын белгілерді елемеуге болмайды, – деді Абай Жұманов.

ҚазҒЗИ мамандарының айтуынша, асқазан серпімді мүше болғанымен, үнемі артық тамақтану оның қабырғаларының серпімділігін төмендетеді. Соның салдарынан асқазан дұрыс жиырылып, тағамды әрі қарай жылжыта алмайды.

Нәтижесінде тамақ асқазанда қалыптыдан ұзақ тұрып қалады, ас қорыту процесі бұзылады. Адам аз мөлшерде тамақтанғанның өзінде асқазаны ауырлап, жайсыздық сезіне бастайды.

Қандай белгілерге мән беру керек

Онкологтардың айтуынша, асқазанға тамақ шамадан тыс толғанда оның ішіндегі қысым артады. Бұл өңеш пен асқазан арасындағы бұлшықетке салмақ түсіріп, асқазан сөлінің және қорытылмаған тағамның өңешке кері өтуіне әкелуі мүмкін. Ол өз қызметін толық атқара алмай, асқазан сөлін қорытылмаған тағаммен бірге өңешке кері өткізеді. Соның салдарынан төс артында күйдіру, қыжыл және ауызға қышқыл дәмнің келуі байқалады. Мұндай жағдай жиі қайталанса, өңештің қабырғасына біртіндеп зақым келтіруі мүмкін.

Мына белгілерге ерекше назар аудару керек:

  • қыжыл, рефлюкс, тәбеттің төмендеуі;
  • тез тою;
  • іштің жоғарғы бөлігінде үнемі ауырлық сезілуі;
  • жүрек айнуы;
  • ауырсыну;
  • дене салмағының төмендеуі;
  • қаназдық, әлсіздік және тез шаршау.

Ауру асқынған жағдайда қан аралас құсу, қара түсті нәжіс және қатты ауырсыну пайда болуы мүмкін.

Тағы да оқыңыз: Артық салмақ есте сақтау қабілетін нашарлатуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз