
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанның жалпы ішкі өсімі 4,2% өскен. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Министрдің айтуынша, сыртқы және ішкі бірқатар қиындыққа қарамастан, ел экономикасы оң динамиканы сақтап отыр.
Биылғы тоғыз айда елдегі мұнай өндірісі 8,3%-ға азайып, 69,4 миллион тоннаға төмендеді. Сонымен қатар теңге бағамының нығаюы экспортпен айналысатын кәсіпорындардың табысы мен бюджет түсімдеріне өзіндік әсерін тигізді.
Өсімге тосқауыл болған тағы бір жайт – тұтынушылық несие алудың азаюы. Мәселен, жаңадан берілген кредит өсімі 2025 жылдың тамызындағы 26,4%-дан биыл тамызда 10,4%-ға дейін бәсеңдеп, ішкі сұранысты төмендетті.
Осындай кедергілерге қарамастан, ел экономикасы тоқырап қалған жоқ. Тұрақты өсімге мұнай-газ емес, басқа да шикізаттық емес салалардың арқасында қол жеткен. Бағалау мәліметтеріне сүйенсек, бұл сектор 5,4%-ға ілгерілеген.
«Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда және оң динамиканы көрсетуде. Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,2%-ды құрады. Экономиканың өсуі шикізатқа қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді, ол бағалау бойынша 5,4%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда ең жоғары қарқын көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асады», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ үкімет экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандыру өз нәтижесін беріп жатыр деп тұжырымдайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ құрылымындағы мұнай өндіру үлесі 7,8%-ға дейін қысқарса, биылғы бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1%-ға дейін артты.
Айта кетейік, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан экономикасы 4,1% өскен. Ол уақытта да өсімнің негізгі көзі мұнай болған жоқ.
Оқи отырыңыз: Қазақстан экономикасын мұнай емес, құрылыс пен сауда сүйреп жатыр