Бюджетке тоғыз айда 20 трлн теңгеден астам кіріс түскен

Жарияланды 13 Қазан 2026 16:13

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Салық түсімдері де көбейген/ kursiv.media архиві

Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында трансферттерді есептемегенде, мемлекеттік бюджеттің кірісі 20,2 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,8 трлн теңгеге көп, деп хабарлайды Kursiv.media.  

Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Тәкиев айтқандай, есепті кезеңде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру қамтамасыз етіліп, өңірлер мен экономиканың нақты секторына қолдау көрсетілген. Салық түсімдері бір жылда 3 трлн теңгеге өсіп, өсу қарқыны 130,3%-ды құрады.

«Трансферттерді есептемегенде мемлекеттік бюджеттің кірісі 20,2 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер 16,3%-ға немесе 2,8 трлн теңгеге өсті. Бұл ретте, өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдері 3 трлн теңгеге өсті, өсу қарқыны – 130,3%», – деп баяндады Мәди Такиев.

Есепті кезеңде бизнеске 811,5 млрд теңге қосылған құн салығы (ҚҚС) қайтарылды. Былтырғы тоғыз айда бұл көрсеткіш 988 млрд теңге болған. Ал кедендік төлемдер 3,2 трлн теңгеден 3,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Үшінші елдермен тауар айналымы 14,3%-ға артқан. Оның ішінде экспорт 22,5%-ға, импорт 1,4%-ға өсті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемі 11,5%-ға көбейді.

Осы кезеңде мемлекеттік бюджеттің шығыстары 26,2 трлн теңгені құрады. Республикалық бюджеттен 5,3 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, 4,4 трлн теңге өңірлерді қолдауға, 2 трлн теңге экономиканың нақты секторына бағытталды.

Сонымен қатар мемлекеттік шығындарды бақылау үшін цифрлық құралдар енгізіліп жатыр.

Қаржы министрінің мәліметінше, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне антифрод-бақылау енгізу және мониторингті күшейту нәтижесінде тоғыз айда 23,4 млрд теңге қаржылық шығынның алдын алған. Ал 6 634 мектепті цифрлық қаржыландыру жүйесіне көшіру 34 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берген.

Сондай-ақ Тәкиев отырыста жергілікті бюджет жоспарын орындай алмаған өңірлерді атады.

Сондай-ақ оқыңыз