
Ресей жыл соңына дейін дизель отынының экспортын айына 3–3,5 млн тоннаға дейін қалпына келтіруі мүмкін. Бұл туралы Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак мәлімдеді, деп хабарлайды Reuters.
Оның айтуынша, мұндай көлем Ресейдің дағдарысқа дейінгі экспорт деңгейіне қайта оралуына мүмкіндік береді. Бұған дейін Украина тарапынан Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар мен Мәскеудің өз экспорттық шектеулері дизель жеткізілімінің айтарлықтай төмендеуіне әкелген.
2024–2025 жылдардағы шабуылдарға дейін Ресей айына 3 млн тоннадан астам дизель экспорттап отырған. Ал қыркүйекте Ресейдің тек Орталық Азия елдеріне жіберген дизель көлемі 427 мың тоннаға жеткен.
Жеткізілімнің қайта артуына АҚШ пен Ресей арасында жасалған жаңа келісім де әсер етпек. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей алдымен әлемдік нарыққа 300 мың тоннадан астам дизель шығаратынын, кейін қарашада тағы 500 мың тонна, одан соң 1 млн тонна жеткізетінін мәлімдеген еді. Вашингтон осыған байланысты ресейлік отынға салынған кейбір санкциялық шектеулерді уақытша жеңілдетті.
Новактың сөзінше, Ресейден қосымша дизель жеткізіле бастағаннан кейін әлемдік нарықтағы дизель бағасы шамамен 5–6%-ға төмендеген.
Алайда келісім АҚШ-та сынға ұшырады. Бірқатар республикашыл және демократ сенаторлар Ресейге дизель экспортынан қосымша табыс табуға мүмкіндік беру Мәскеудің Украинадағы соғысын қаржыландыруына көмектесуі мүмкін екенін айтып, келісімді қайта қарауды талап етті.
Ресейдің дизель экспортының артуы әлемдік отын нарығындағы тапшылықты жұмсартуы мүмкін. Бұл әсіресе Таяу Шығыстағы жағдай ушығып, мұнай бағасы жоғары болып тұрған кезеңде маңызды. 14 қазанда Brent маркалы мұнай бағасы барреліне шамамен 106 доллар деңгейінде саудаланды.