
Қазақстанда 2030 жылға дейін денсаулық сақтау саласын дамытуға 23,1 трлн теңге жұмсау жоспарланып отыр. Қаржы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға, ауруханалар салуға, дәрігер тапшылығын азайтуға және аурулардың алдын алуға бағытталады, деп хабарлайды Kursiv.media.
2030 жылға қарай мемлекеттік шығындардың жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2,9%-дан 3,7%-ға дейін арттыру көзделген. Сонымен қатар азаматтардың медициналық қызметке өз қалтасынан төлейтін шығынын 26,5%-дан 19,5%-ға дейін азайту жоспарланып отыр.
Ұлттық жоспардың негізгі мақсаттарының біріне қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 75,8 жастан 77,3 жасқа дейін жеткізу жатады.
Салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 32%-дан 38%-ға дейін арттыру көзделген. Скринингтен өтетін адамдар саны жылына 4 млн-нан 4,3 млн-ға дейін көбейеді. Сондай-ақ қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау көрсеткішін 35,3%-ға жеткізу жоспарланған.
Finprom.kz мәліметінше, инфрақұрылымды дамытуға алдағы бес жылда 2,7 трлн теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жаңа медициналық нысандар салынып, қолданыстағы ауруханалар мен емханалар жөнделеді.
2030 жылға дейін Астанада ұлттық ғылыми онкология орталығын қайта жаңарту, балалар онкологиясы мен гематологиясының ұлттық орталығын және балаларға арналған шұғыл көмек орталығын салу секілді жобалар қарастырылған.
Дәрігерлердің тапшылығын жою мәселесі де көзделген. 2025 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар медицина мамандарының тапшылығы шамамен 3,9 мың штат бірлігін құраған. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 3 мыңға дейін төмендету жоспарланып отыр. Ол үшін резидентура мамандықтарына жыл сайын 2,5 мың грант бөлу қарастырылған.
Оқи отырыңыз: Шетелдіктер Қазақстанда емделсе, экономикаға 300 млн доллар пайда түсуі мүмкін