Депрессияны қалай тануға болады

Жарияланды 14 Қазан 2026 08:10

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General news бөлімінің аға журналисі s.ostemir@kursiv.media
Делия Айдаралиева, бильд-редактор: Дастан Шанай

Депрессия адамның көңіл күйіне, ойлау қабілетіне және күнделікті өміріне кері әсер ететін психикалық дерт екені белгілі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, депрессия – психикалық денсаулықтың бұзылысының кең таралған түрі. Әлемде ересектердің 5,2 пайызы ауырады. Депресияға ер адамдардан гөрі әйелдер жиі ұшырайды екен.  

Жақыныңыздың депрессияға ұшырағанын қалай тануға болады? Ең алдымен, күйеуіңіздің (әйеліңіздің) немесе туысыңыздың мінез құлқында күрт өзгеріс болады. Бұрын еңбекқор адам аз уақыт ішінде «жалқаулана» бастаса, әп-сәтте тындыратын шаруасына енді тым ұзақ уақыт жұмсап, ісі өнбей жатса, ашушаң, тұйық болып кетсе, бұл – алғашқы қоңырау.

Жақындарының сезімталдығы мен қолдауы да науқас адам үшін аса маңызды. Онсыз көп уақыт жоғалтып, ауруын асқындырып алуы да мүмкін. Сондықтан неғұрлым ерте байқап, қаратса, соғұрлым тез сауығады.

Депрессиядағы адамның белгілері қандай?

Бұрын күліп-ойнап, жұмысын тыңғылықты орындап жүрген адам кенет басқа адамға айналса, секем алуға болады. Өйткені мұндай науқастарға әдетте «жалқау», «кінәмшіл», «боркемік», «өмірге көзқарасы дұрыс емес» дегендей түрлі сын айтылып, айдар тағылуы да ғажап емес.

Депрессияның белгілеріне тоқталсақ:

  • Жалпы шаршау;
  • Пессимизм, болашаққа сенімсіздік;
  • Апатия, әлсіздік;
  • Ашуланшақтық;
  • Жылауықтық;
  • Өзін кінәлі сезіну;
  • Тәбеттің тұрақсыздығы, салмақтың азаюы немесе артуы;
  • Ұйқының бұзылуы;
  • Жыныстық құштарлықтың төмендеуі;
  • Мазасыздық пен қорқыныш ұстамалары;
  • Еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі;
  • Зейін қоюдың қиындауы, есте сақтау қабілетінің нашарлауы;
  • Бұрын ұнайтын нәрселерге қызығушылықтың жоғалуы;
  • Бұрын мазаламаған дене жайсыздықтары мен физикалық шағымдардың пайда болуы.

Ауыр жағдайларда сөйлеудің баяулауы, сандырақ ойлар, ойлау қабілетінің айтарлықтай төмендеуі, өлім туралы қайталанатын ойлар, алкоголь мен есірткіге тәуелділік байқалуы мүмкін.

Балалар мен жасөспірімдерде бұл жағдай тұйықталу, агрессия, оқу үлгерімінің нашарлауы және ұйқының бұзылуы арқылы байқалуы мүмкін.

Құйтырқылығы неде?

Депрессияның құйтырқылығы, ізін жасыра алады. Алдыңызда отырған адамның ақыл есі дұп-дұрыс. Бұрынғы жақыныңыз. Бірақ құдды біреу келіп, бар қабілетін ұрлап, мінез-құлқын өзгертіп кеткендей. Мамандар ғана бірден тани алады.

Серік Орынбек (өз өтініші бойынша, аты-жөні өзгертілді) қырыққа жақындаған шағында осы дертке шалдыққан.

 «Ауыр жұмыс істедім. Жүйкеге салмақ түсті. Отбасымда тыныштық болмады. Ұйқым бұзылып жүргеніне көп болды. Бір күні фотоға түсіп, суретімді қарасам, өңім қан төгісті көргендей қап-қара болып кеткенін байқадым. Көп ұзамай жұмыс істеуден қалдым. Өз еркіммен шықтым. Емделу үшін. Кейін зейінім, қабілетім, кәсібімде жинақтаған тәжірибем бір күнде жоғалтып алғандай болдым. Ешкімді көргім де, араласқым да келмейді. Басым оқта-текте қатты сынып ауырып жүрді. Таңға дейін дөңбекшіп шығамын», – дейді ол.

Жағдайы біршама жақсарған сәтте де, науқас қолынан ештеңе келмейтінін іштей сезген. Бірақ ешкімге бұл туралы тіс жармайды. Өйткені басындағы жағдайдың не екенін өзі де түсінбеген. Жұбайы «жұмыс істемейді, жалқауланып, үйде бекер жатыр» деп есептеген. Туыстары әр дәрігердің табалдырығын тоздырып, соңында психиатрдың көмегі керек екенін біледі. Психикалық денсаулық туралы мағлұматы көбіне қорқынышты фильмдерден аспайтын жұрт психотерапевттің алдына барудан тартынатыны да анық.

Неден пайда болады?

Бұл дерттің бірнеше түрі бар. Басталуына қарай жеңіл, орташа және ауыр деп бөлінеді. Ауыр жағдайларда өзіне зиян келтіру қаупі де туындайды.

Кейбір психологтардың пікірінше, мұның себебі – психикалық тығырықта. Бұған түрткі болатын жайт көп емес. Әдетте, баянсыз махаббат, жақынының қазасы (ата-анасы, туысы, сүйіктісі) және өзге де жан жаралары түрткі болады. Ұзаққа созылған күйзеліс, отбасылық жанжалдар да жүйкеге жүк түсіреді.

Депрессия белгілері байқалса, психологқа, психотерапевтке немесе психиатрға жүгіну қажет. Алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану, жеткілікті ұйықтау, дене белсенділігін сақтау, жақын адамдармен араласу және психологиялық қолдау алу маңызды.

Айта кететін жайт, Қазақстанда депрессияны емдеудің жаңа әдісі пайда болды. Қазақстандық зерттеушінің әдісі бойынша қатысушылардың 79%-ы бірнеше сеанстан кейін оң нәтижеге жеткен. Нақты айтқанда екі апта және 3-4 терапиялық сеанстан кейін күйзеліс жағдайынан шыққан.

Сондай-ақ оқыңыз