
2026 жылжың басында күшіне енген жаңа Салық кодексіне елеулі өзгерістер енгізілмек. Қазір Ұлттық экономика министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп жатыр.
Бұл туралы Үкімет кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media. Шенеуніктің айтуынша, құжатты қараша айының соңына дейін Құрылтай қарауына енгізу жоспарланып отыр.
Дайындалған заң жобасында өзгерістер негізі үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі мемлекет басшысының цифрландыру және миграция мәселелеріне қатысты екі жарлығын жүзеге асыруға бағытталған.
Ал қалған өзгерістер премьер-министрдің тапсырмалары мен жобалық офистің шешімдерін орындау аясында дайындалған.
Бұл заңнамалық өзгерістер елдің салық жүйесін жетілдіруге мүмкіндік бермек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында Салық кодексі «қасиетті кітап» емес екендігін тағы да еске салып, түзету енгізуді тапсырған.
Осыған байланысты заңнамадағы қайшылықтарды жою, нормалардың әрқилы түсіндірілуіне жол бермеу және кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайту қажеттігі айтылды. Салық жүйесі бизнестің дамуына, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі келтірмеуге тиіс.
Қолданыстағы Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енген. Бұл құжат негізінде елдегі қосылған құн салығының мөлшері 12 пайыздан 16 пайызға көтерілген. Оған қоса ҚҚС төлейтін кәсіпкерлердің қаржы айналымына қойылатын шек 75 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін түсті.