Ақылы жолдар мен тұрақтарды кімдер тегін пайдалана алады?
Қазақстанда кей жолдардың және автотұрақтардың ақылы екені белгілі. Дегенмен заң аясында оларды тегін пайдалануға құқылы адамдардың санаты бар. Осы ретте ол қатарда кімдердің бар екеніне тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Әу баста автомобиль жолдарын ақылы етудегі мақсат жолдардың жағдайын жақсарту болған. Былайша айтқанда, «тегіс, айнадай жолмен жүргіңіз келсе, ақысын төлеуге әзір болыңыз» деген. Әлбетте, ақшасын төлеп тұрғандықтан, бүгінде бар ақылы автокөлік жолдарының жағдайы көңілден шығады. Десек те, мемлекет тарапынан төлемнен босатылғандар болады. Олар:
• Күнделікті жолаушы тасымалдайтын автобустар;
• Ақылы автокөлік жолына іргелес орналасқан удандардың автобустары;
• Жедел медициналық көмек ұйымдарының көліктері;
• Өрт сөндіретін және апаттық-құтқару қызметінің көліктері;
• Патрульдік полиция және әскери техника.
Ақылы автокөлік жолының іргесінде орналасқан елдімекендерде тұратын азаматтар бір ауданның маңайында жүріп-тұру үшін бір жылдық тарифті төлей алады. Оның көлемі — 10 000 теңге. Сонымен қатар, 2020 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ақылы автокөлік жолдарында жеңілдікпен жүру ережелеріне өзгеріс енгізуді ұсынған еді. Ол құжатқан сәйкес, республикалық ақылы жолдармен жүруге Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарды жеңілдігі барлардың санатына қосу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда заң Парламент мәжілісінің қарауында. Қазақстандағы ақылы жолдардың жалпы ұзындығы жыл соңы-на дейін 5 800 шақырым болуға тиіс. Ал 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш тіпті өседі деген жоспар бар.
Алматыдағы ақылы тұрақтарды тегін пайдалана алатындар
Жүрген жол үшін төленетін ақыдан бөлек, ақылы автотұрақтар да бар. Бүгінде ондай тұрақтар Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында жұмыс істейді. Алматыдағы коммуналдық ақылы автотұрақтарды қолдану ережесіне сәйкес, мына санатқа кіретін азаматтар тегін пайдалана алады:
• Ұлы Отан соғысының ардегерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар;
• І және ІІ топтағы мүгедектер;
• Қызметтік мемлекеттік нөмірі бар арнайы автокөліктер. Олардың нөмірлік белгісінің түсі сары, көк және қызыл болады. Сондай-ақ, тікелей қызметін орындау барысында арнайы дыбыстық сигналдары қосылады.
Дегенмен қазір «Ашық НҚА» порталында қарастырылып жатқан нормативтік құқықтық актінің жобасына сәйкес, осы тізімді толықтыру жоспарланып отыр. Яғни аталған санаттың қатарына мүгедек болып туған балалар мен олардың заңды өкілдерін, «Алтын алқа» және «Күміс алқасы» бар көпбалалы аналарды, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерді, электромобильдерді қосуы мүмкін. Бұл өзгерістер әлі күшіне енген жоқ. Өйткені қарастырылып жатыр.
Бас қаланың ақылы автотұрақтарын кімдер тегін пайдалана алады?
Нұр-Сұлтан қаласының автотұрақтарды шұғыл қызмет көліктері тегін пайдалана алады. Яғни ол тізімге жедел-жәрдем, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Қарулы күштерінің және Ұлттық қаіпсіздік комитетінің әскери полициясының атына тіркелген автокөліктер кіреді. Демек, мұндай көліктердің арнайы белгілері болады, тиісті түске боялады және жазуы болады. Сондай-ақ, ақылы тұраққа ақы төлемеуге «Алтын қыран», «Халық қаһарманы» ордендерімен марапатталғандар, Семей ядролық полигонындағы сынақтардың салдарынан зардап шеккендер, мүгедектерге арналған тұрақжайға автокөлігін қойған, мүгедек баланың заңды өкілдері, арнайы орынға қойған I-II топтағы мүгедектер құқылы. Бұл қатарды одан бөлек, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, әскери бөлімшелерде қызмет еткен, қазіргі армияның құрамына кіретін штабтар мен мекемелерде болған әскери қызметкерлер, жауынгерлік әрекеттер ар-дагерлері толықтырады.
Сонымен бірге, елорда тұрақтары «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, бұрын «Қаһарман ана» атанған, «Ана даңқы» орденінің I, II және III дәрежесінің иеленгендер, әскери қызметтен босатылғандар мен Ауғанстан және өзге де елдерде халықаралық қызметін өтегендер үшін де тегін. Бір айта кететін жайт, бұл жеңілдіктің бәрі осы тізімдегі адамдар үшін ғана. Яғни көлікті өзі айдауы міндетті. Жеңілдігі бар автокөлік тізгінінде басқа адам емес, өзі болуға тиіс.