Қазақстан Мәдениет министрлігінің $37 мың пара алған шенділері сотталды
Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысыҚуатжан Уәлиев, әкімшілік департаментінің директоры және министрліктің этика жөніндегі өкілетті уәкілі Ереней Даржыбаев пен «Қаз-Ақпарат» Баспа компаниясы» ЖШС президенті Қонысбек Ботбай $37 мың пара бергені және алғаны үшін сотталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі хабарлады.
Осыдан біраз бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ведомствосы Уәлиев, Даржыбаев және Ботбайға қатысты аса ірі көлемдегі парақорлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтаған болатын.
Шенділер жалпы «қамқорлық жасағаны» үшін баспагерден миллиондаған пара алып отырған деген күдікке ілінген-ді: министолік діни әдебиетті басып шығару бойынша «Қазақпаратпен» мемлекеттік сатып алулар келісіміне отырған.
Кеше, 30-қазанда қылмыстық істің фигуранттарына қатысты сот үкімі шықты: Уәлиев пен Даржыбаев тиісінше сегіз және жеті жылға бас бостандығынан айырылса, Ботбайға бостандықты 7 жылға шектеу жазасы тағайындалды.
Бір жыл бұрын қаржы полициясы Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр деген хабар тараған болатын, ал Қуатжан Уәлиевтің өзі қызметтік лауазымын атқарудан шеттетілген болатын.