Алматыда үнді штамы 37 жастағы әйелден анықталды

Жарияланды
Ол дүкеннен немесе құрылыс базарларынан жұқтыруы мүмкін

Алматыда коронавирустың үнді штамы анықталды. Бұл туралы Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Оның айтуынша, КОВИД жұқтырған әйел еш жерде жұмыс жасамайды, үй шаруасымен айналысады екен. Өткен аптада (және үнді штаммының инкубациялық кезеңі жеті күн), ол екі құрылыс базары мен үйдің жанындағы дүкенге барған. Үй шаруасындағы әйелдің жұбайы жұмыс істейді, ол қыста коронавируспен ауырғаны белгілі болды. 

   «Ол тамақ сатып алатын жақын дүкеннен немесе құрылыс базарларынан жұқтыруы мүмкін», – деді Бекшин.

Бас мемлекеттік санитар дәрігердің айтуынша, үнді штамын жұқтырған әйелдің күйеуі шетелде іссапарда жүр. Қазіргі уақытта ол Голландияда.

Бекшин сонымен қатар коронавирустың дельта штаммының кәдімгі тұмауға ұқсас белгілерін атады.

   «Негізінен жастар осы штамды жұқтырады екен. Аурудың белгілері – қызуы көтеріледі, бас аурады, мұрыннан су ағады, тамақ қырып ауырады. Оның үстіне, әдетте, иіс сезу сезімі жоғалып кетпейді және жөтел болмайды», – деді Жандарбек Бекшин.

Оның айтуынша, дельта штамына іштің ауруы және жүрек айнып, құсу тән екен.

Алматының бас санитар дәрігері коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы ол вакцинация салдыру болып табылатынын еске салды.

 

Сондай-ақ оқыңыз