Полиция «Алматыметроқұрылыс» басшысына қатысты іс туралы айтып берді
Алматы полициясы департаментінің тергеу басқармасы «Алматыметроқұрылыс» басшысы Қайрат Реимовке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізуде.
«Бұрын хабарланғандай, Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасының өндірісінде ҚР ҚК 190-бабы 4-тармағы (алдау жолымен жасалған алаяқтық немесе сенімді теріс пайдалану) бойынша қозғалған қылмыстық іс тергелуде. Сонымен қатар, 27-қазанда Реимов Қ.Н. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 202-бабына (тұлғаны күдікті деп жариялау), 206-бабына (күдіктіге оның әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау) сәйкес, Қазақстан республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-тармағының 2-бөлімі бойынша күдікті ретінде танылды», – делінген Алматы полициясы департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, Полиция департаментіндегілер қылмыстық іс бойынша басқа мәліметтерді ҚР Қылмыстық істерді жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға болмайтынын айтты.
Естеріңізге салсақ, Қайрат Реимов 27-қараша күні таңертең ұсталған болатын.
«Алматыметроқұрылыс» АҚ – көлік-шахта құрылысымен, теміржол тоннельдерін және метрополитендер салумен айналысатын кәсіпорын.