«Шұбаркөл» АҚ жылына 1000 тонна белсендендірілген көмір өндіруді жоспарлап отыр
«Шұбаркөл көмір» АҚ-да тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғысында іске қосу мен жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында белсендірілген көмірдің алғашқы байқау партиясы өндірілді. Кәсіпорынның өнеркәсіптік алаңындағы химиялық зертханада өнімге талдаулар жасалып, оның сапасы өте жақсы екені расталды. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
«Шұбаркөл көмір» – Қазақстандағы ең ірі энергетикалық көмір өндірушілердің бірі. Шұбаркөл көмірі жоғары құнарлығы және төмен күлділігінің арқасында шынымен экологиялық жағынан таза энергия тасымалдаушыға жатады. «Шұбаркөл көмір» АҚ кокс-химиялық цехы негізінде ұсақ спецкокстан тәжірибелік-өнеркәсіптік белсендірілген көмірді өндіру жобасы Қазақстан Республикасының ғалым-технологтары әзірлеген технологияны енгізуді қарастырады. Оның кәсіпорын ғана емес ТМД елдері аумағында теңдесі жоқ. Жобаны кәсіпорын «ERG ғылыми-зерттеу инжиринг орталығы» ЖШС бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Нысанның өндірістік қуаты – жылына 1 мың тонна белсендірілген көмір.
Жобаның басты мақсаты – импортты алмастыру мәселесін шешу болып табылады. Белсендірілген көмірді қолдану саласы өте кең: гидрометаллургиялық, алтын қазу, фосфат өнеркәсібі, су тазарту. Бүгінгі таңда аталған өнімге сұраныс жоғары болғанына қарамастан, (жылына 7 мың тоннадан артық) барлық белсендірілген көмір Қазақстанға шетелден жеткізіліп келеді.