Қазақстанның еңбек нарығында мейірбике, тәрбиеші мен күзетшілер жетіспейді
Электронды еңбек биржасындағы түйіндеме мен бос жұмыс орындарына сараптама жасаған Finprom.kz еңбек нарығында қазіргі кезде мейірбике, балабақша тәрбиешісі, партульдік инспектор және күзетшілерге сұраныс жоғары екенін анықтаған. Ал жұмыс іздеп жүргендердің арасында заңгер, қаржыгер мен жалдамалы жұмысшылар көп.
2019 жылдың төртінші тоқсанында жұмыспен қамтылған халық саны 8,8 млн адамды құрап, бір жылда 0,7%-ға өскен. Ал 2018 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 8,7 миллион болып, бір жыл ішінде 2%-ға артқан еді.
Статистика дерегі бойынша, былтыр жұмыссыздардың қатары 0,1 пайызға кеміген көрінеді. Қазақстан бойынша 441,4 мың адам жұмыссыз жүр. Аймақтар бойынша айтсақ, Алматы қаласы, Алматы облысы, Түркістан облысында екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің қарасы қалың.
Алматы қаласында 50 мыңға жуық адам жұмыссыз жүрсе, Түркістан мен Алматы облыстарында 42 және 48 мың адам жұмыс істемейді. Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында да жұмыс таба алмай жүргендер көп.