Түркияда туристерге арналған медсақтандыруға коронавирустан емделу кіреді
1 шілдесінен бастап Түркияға сапарлаған шетелдік туристерге арналған медициналық сақтандыруға коронавирус инфекциясынан емделу кіруі мүмкін. Бұл туралы Түркия мәдениет және туризм министрінің орынбасары Назир Алпарсан мәлім етті, деп хабарлайды Анадолы сайты.
Министр орынбасарының айтуынша, туристер Түркияға әуе билетін сатып алмас бұрын, яғни, паспорттық бақылаудан өтпей тұрып туроператорлардан немесе онлайн режимде медициналық сақтандыруды сатып алуына болады.
«Медициналық сақтандыру бағасы тиімді. Бұл демалушылардың денсаулығына тағы бір кепіл болады. Біз әр туристің отанына жақсы демалып, дені сау болып оралғанын қалаймыз. Бірақ пандемия қаупі әлі де бар. Сондықтан біз туристерді емдеуге арналған жаңа сақтандыру жүйесін жасадық», – дейді Алпарсан.
Оның айтуынша, жаңа қызмет түрі міндетті емес. Соған қарамастан қазірдің өзінде туристерден сұраныс көп.