Жеке кәсіпкерлікті онлайн режимде қалай тіркеуге болады?

Жарияланды
Нұсқаулықпен танысып тіркеуді үйде отырып жүзеге асырыңыз

Шағын бизнес ашып, өз кәсібін бастауды көздеген кез-келген тұлға алдымен заңды органда жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікті (ЖК) онлайн түрде тіркеуге болады. Ол үшін бірнеше қадамды орындау жеткілікті. 

БІРІНШІ НҰСҚА

Электронды үкімет порталында «жеке тұлғалар салық органын кәсіпкерлік қызметтің басталғаны туралы хабардар етуі жеткілікті» деп жазылған. Хабарлама жіберілген сәттен бастап жеке тұлға бизнеспен айналысуға құқылы. ЖК ретінде тіркелу үшін алдымен еlicense.kz «электрондық лицензиялау»порталына кіресіз. 

Сайттың оң жақ жоғары тұсындағы «Кіру» батырмасын басып, ЭЦҚ кілтіңіз арқылы кіресіз. Тіркеуден сәтті өткеннен кейін «Жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама» деп аталатын қызмет бетіне өту керек. Бұл қызмет еlicense.kz сайтында оң жақта танымал қызметер тізімінде, ал egov.kz порталында «Бизнеске / Бизнесті тіркеу және дамыту / Бизнесті тіркеу және жою» бөлімінде орналасқан. 

Әрі қарай қызметке онлайн тапсырыс бересіз. Одан әрі сізге бекітілетін салық органын таңдау ұсынылады. 

111_1.jpg

Бұдан әрі, салық органын таңдағаннан кейін ашылған терезеде өтініш жолдарын толтыру қажет. Егер сіз ЭЦҚ көмегімен авторизация жасаған болсаңыз, онда олардың көпшілігі автоматты түрде толтырылады. 

222_1.jpg

Бұл беттің соңғы бөлімінде «Мемлекеттік кірістер органынан растауды сұрату» тармағы бар. Ол жерде «Жіберу» бастырмасына басып ЖК тіркеу мүмкіндігін мақұлдау туралы хабарламаны күту қажет.

«Бұдан әрі» басқаннан кейін өрістері бар терезе ашылады. Онда болашақ кәсіпорыныңыздың деректемелері мен параметрлерін көрсету қажет – мекен-жайы, атауы, қызмет түрі (ЭҚЖЖ), салық салу нысаны және тағы басқа мәліметтер. 

333_1.jpg

Қалыптасқан сұранымға ЭЦҚ-мен қол қойылады, содан кейін 1 жұмыс күні ішінде сіз «Менің хабарлаларым» бөлімінде хабарлама аласыз. Осылайша, ЖК-ны электронды түрде тіркеу рәсімі өтеді. «Жеке кәсіпкерлік» туралы және кім ЖК субъектісі болып табылатыны туралы, оның жұмыс істеу шарттары туралы көбірек білу үшін мына сілтемеге өтсеңіз болады. 

ЕКІНШІ НҰСҚА

ЖК тіркеуді отандық екі банктің мобилді қосымшасы арқылы да жүзеге асыруға болады. Әзірге бұл қызметті елімізде Kaspi және Halyk Bank ұсынып отыр. Kaspi арқылы ЖК ашу үшін мобилді қосымшаға кіріп, «Платежи» бөлімінен «Госуслуги, штрафы и налоги» тармағын таңдайсыз. Әрі қарай ашылған терезеде «Зарегистрировать ИП» бөліміне өту керек. Мәліметтер автоматты түрде енгізіледі. Тек салық ауданын енгізу ғана қалады. 

0005.jpg

«Продолжить» батырмасын басқаннан кейін мәліметтер тексеріледі және қызмет түрі анықталады. Тізімнен сай келетін сипаттаманы таңдауыңыз керек. Сосын салық режимі таңдалып, тіркеу жүзеге асырылады. 

Ал бұл қызметті Halyk bank арқылы алу үшін алдымен бизнеске арналған Onlinebank қосымшасын жүктеп алуыңыз керек. Одан әрі қарай «Стать ИП» сілтемесіне өтесіз. 

0006.jpg

Жүйе телефон нөміріңізге код жібереді, ол кодты арнайы жолаққа жазу қажет. Кодпен расталғаннан кейін бейне-идентификация немесе уақытша код көмегімен кіру ұсынылады. Қажетті функцияны таңдауға байланысты әрі қарайғы қадамдарды жүйе өзі белгілеп отырады. Форманы толтыру кезінде жергілікті мемлекеттік кірістер органының кодын енгізу керек. Сондай-ақ ЖК атауын, мекен-жайын, қызмет түрін және салық төлеу режимін енгізу талап етіледі. 

Қазақстанда қанша ЖК жұмыс істейді?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, азаматтар үшін қызметтерді онлайн алу барынша жеңілдетіліп жатыр. 

«Мемлекеттік қызметтерді алу процесін барынша жеңілдетіп, ЖК тіркеудің балама жолдарын ұсынып жатырмыз. Мемлекет басшысының жолдауындағы басты месседждердің бірі – шағын және орта бизнесті қолдау. Біз министрлік ретінде енді кәсіп бастаған кәсіпкерлер үшін процестерді оңтайландыру жолында жұмыс істейміз. Мұндай интеграцияны біз басқа да банк және ұйымдармен бірлесе атқарамыз. Цифрландыруға монополия жүрмейді, алайда пайдаланушылар қызметтерді еш кедергісіз алуы керек. Мұндай процестерде мемлекеттің бар-жоғы да білінбеуі тиіс» деген еді министр. 

Сонымен қатар, Onlinebank жүйесі арқылы ЖК ашқаннан кейін санаулы минуттардан соң банкте шот ашып, корпоративтік карта алып, өз картаңызды және шотыңызды мобилді қосымша арқылы алыстан басқаруға мүмкіндік бар. 

2020 жылдың күзіндегі статистика бойынша елімізде 1,2 миллионнан астам ЖК тіркелген. Бір жыл ішінде олардың саны 2,9 пайызға қысқарған. 1,2 миллионнан астам ЖК-ның миллионға жуығы ғана жұмыс істеп тұр. ЖК саны бойынша Түркістан облысы (133,2 мың), Алматы қаласы (120,3 мың) және Алматы облысы (109,7 мың) көш бастаса, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жұмыс істеп тұрған ЖК саны біршама азайып кеткен. 

 

 
Сондай-ақ оқыңыз