Ресурстар

Журналистке Рақышевты бопсалады деген айып тағылды

Қаскүнемдер $50 мың талап еткен

Мәскеу Ішкі Ісминінің Бас басқармасы қазақстандық бизнесмен Кеңес Рақышевті бопсалау туралы іс қозғады, деп хабарлайды РБК.

Полицейлер екі күдіктіні – «Росбалт» тілшісі Александр Шварев пен  Ташкент тумасы Әлішер Абдуллаевты іздестіруде. Іс 1-қарашада қозғалған. Тергеудің пайымдауынша, Шварев пен Абдуллаев rucriminal.info сайтындағы шындыққа жанаспайтын мәліметтерді алып тастау үшін Рақышевтен $50 мың талап еткен.

«Кеңес Рақышевтің баспасөз қызметіндегі аноним қызметкер бір сайтқа Рақышев туралы материалдарды алып тастау қажеттігі туралы жазыпты. Оған жауап ретінде «белгісіз тұлғалардан» бұл қызметке ақы төлеу қажеттігі туралы хабарлама келген», – деп сендіреді Шварев.

Қылмыстық іс баянатында Шварев пен Абдуллаевтың «жәрия, сондай-ақ коммерциялық қызметпен айналысатын тұлғалар мен олардың туыстарының  абыройына нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаймыз, деп қоқан-лоқы көрсетуге қатысы бар» делінген.

Тергеу мәліметтері бойынша, Шварев Латвияда бой тасалап жүрсе, Абдуллаев АҚШ-та тұрып жатыр екен. Шваревке Латвия және Интерполға мүше-мемлекеттер аумағында халықаралық іздеу жарияланған.

«Айыптау мүлдем негізсіз, айыптауда әділдік жоқ, ал оны кім ойлап тапқанына қатысты тексеру, анықтау жұмыстарын жүргіземіз», — деп мәлімдеді Шваревтың адвокаты Владимир Жеребенков.

Кеңес Рақышев  – кәсіпкер, венчурлық инвестор. Ол «БТА Банк» АҚ, Sirin Labs, Net Element директорлары кеңесінің төрағасы. Кеңес Рақышев Моше Хогегмен бірге Singulariteam қорының іргесін қалады. Оның портфелінде InfinityAR, Stox, Mobli, Intelagent, Beyond Verbal, General Robotics, StoreDot, Effective Space, Sprylogics, Meta и Yo сияқты компаниялар бар.