Норвегияның Equinor (бұрынғы Statoil) мұнай компаниясы Өзбекстанда мұнай-газ кеніштерін іздестірумен айналысуы мүмкін. Бұл мәселе «Өзбекмұнайгаз» басқармасының төрағасы Баходиржон Сидиковтың Скандинавиядан келген делегациямен кездесуінде талқыланды.
«Кездесу аясында Өзбекстан Республикасының инвестициялық блоктарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу саласындағы әріптестіктің перспективті бағыттары талқыланды», – делінген «Өзбекмұнайгаз» АҚ таратқан ақпаратта.
Норвегиялық тарап «»Өзбекмұнайгаз» АҚ мамандарының біліктілік деңгейін көтеруге және корпоративтік трансформация жөніндегі тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді. Кездесу қорытындылары бойынша, тараптар біріккен жобаларды жүзеге асыруға көшу үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою туралы келісті.
Equinor – Норвегияның аса ірі энергетикалық компаниясы, ол әлемнің 30-дан астам елінде мұнайды, газды және күн энергиясын игерумен айналысады. Норвегиялық компания акцияларының 67% мемлекеттің иелігінде.
Естеріңізге салсақ, Өзбекстанда мұнай мен газдың жаңа кеніштерін іздестірумен ресейлік «Лукойл», «Газпром», «Татнефть» компаниялары, қытайлық CNPC компаниясы, әзірбайжандық SOCAR, оәтүстік кореялық Korea National Oil Corporation (KNOC), американдық Epsilon Development Company компаниялары мен бір қатар басқа фирмалар айналысуда.
Маусым айында жергілікті БАҚ мұнай өндіруі құлдырап бара жатқан елдегі 50-ден астам кеніш орындарын ұауіп-сервисі контрактілері негізінде шетелдік компаниялардың игеруіне беруді жоспарлап отырғанын хабарлаған болатын.