ҚР Премьер-министрінің Бердібек Сапарбаев Маңғыстау тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
Достық үйіндегі жиынға 400-ден астам тұрғын жиналған. Мұнда өңір белсенділері, ақсақалдар, жастар бар. Алдымен, сөз алған Бердібек Сапарбаев Нұр-Сұлтан қаласынан келген делегацияны таныстырып, елдің даму көрсеткіштері мен алға қойған мақсаттарды айтып берді.
«Құрметті маңғыстаулықтар! Біздің ең негізі міндетіміз – берілген тапсырманы дер кезінде орындау. Қазақстан экономикасы жылына 4%-ға өсу керек. Экономика дамыса, бизнес құрылымдары артып, өнеркәсіптер ашылып, халықтың жағдайы жақсарады. Елдің экономикасына 10 трлн теңгеден астам қаржы тартылды. Жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,8% болды. Ендігі мақсатымыз – 12 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру керек. Еңбек және жұмыспен қамту бойынша 100 жаңа кәсіптің атласы әзірленуде. Қызметті проактивті көрсету дамытуға көңіл бөлінбек», – деді Бердібек Сапарбаев.
Бердібек Машбекұлы биыл жасалған ең үлкен жұмыс, атаулы әлеуметтік көмек екенін атап өтті. Бұл мақсатта 245 млрд.тг жұмсалған. Енді жаңа өзгерістерді халықтың арасына кеңінен түсіндіру керек деп тапсырды.
Жиылғандар да өз сауалдарын жолдады. Қоғамдық кеңес мүшесі Аят Сүгірбай көпбалалы отбасылардың мәселесін айтып өтті.
«Тұрғын-үймен қамтамасыз ету қиындау болып тұр. «Бақытты отбасы« сияқты бағдарлама бар, бірақ тиімсіздеу, мысалы екінші деңгейлі банктің сүзгісінен өте алмайды. Басқа балама бағдарлама керек. Бұдан бөлек, облыста жыл сайын мүгедек бала көбеюде. Ұрпақтың сапасын арттыруға жұмыстансақ жақсы болар еді», – деді ол.
Сондай-ақ, жасөспірім қыздардың ерте жүктілігі, отбасылардың ажырасу фактілері туралы айтты. Бердібек Сапарбаев тұрғынға өз жауабында банк тәртібі өзгертілмейтінін айтты.
«7 мың көпбалалы отбасы үй алды. Мыңдаған кәсіпкерлер көмектесті. Банктің тәртібін өзгерте алмаймыз. Оған заң бойынша қарау керек. Мүгедек бойынша ұлттық жоспарды бекіттік. Республика бойынша 80 мың мүгедек бала бар. Енді оңалту орталықтарын салу керек. Қазір 11 облыс орталығында жоқ», – деді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ тұрғындар облыс экологиясының нашарлығын, жұмыс орындарының қысқаруы, денсаулық саласындағы қиындықтар туралы сауалдар қойды.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған. Жұмыс тобының құрамына Үкіметтің әлеуметтік блогының басшылары кіреді: білім және ғылым, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт, ақпараттық және қоғамдық даму министрліктері, сонымен қатар, Қазақстанның Кәсіподақ федерациясы, «Атамекен» ҰКП және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бар.