Ресурстар

Жатақхананың орнына госпиталь ашылмақ

Павлодардағы онкологиялық аурухананың бұрынғы ғимараты науқастарды қабылдайтын болды

Өткен жылдың желтоқсан айында облыс орталығында құны 1 млрд теңгеден асатын жаңа онкологиялық диспансер салтанатты түрде ашылған болатын. Бірақ бірқатар тиісті медициналық құрал-жабдықтар дер кезінде жеткізілмей, науқастарды қабылдау ісі сиырқұйымшақтанып кетті. Тек таяуда ғана жаңа емдеу мекемесі алғашқы пациенттерді қабылдап, көмек көрсете бастады. 

аңа медициналық нысан бой көтерген соң онкологиялық аурухананың ескі ғимараты дәрігерлерге жатақхана ретінде беріледі деген шешім қабылданған болатын. Бірақ пандемия бұл жоспарға өз өзгерісін енгізді. Енді мұнда интенсивті терапиясы бар, 300 адамға арналған инфекциялық госпиталь болады. 

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Сейітқазиновтың айтуынша, ескі ғимаратты жөндеу үшін облыстық бюджеттен 89 млн теңге қарастырылған. 

«Инфекциялық ауруханада өкпені жасанды желдететін 5 аппарат, 70 концентратор және  30 оттегі нүктесі болады. Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Мұндағы барлық бес қабатты, жылу мен кәріз жүйелерін қалпына келтірдік», – дейді Ардақ Сейітқазинов. 

Ал қазан айының ортасында тиісті медициналық құралдар жеткізіледі. Пандемия аяқталып, коронавирусқа шалдыққандар болмаған жағдайда ғана онкологиялық аурухананың ғимараты дәрігерлерге баспаналар ретінде үлестіріледі.