Egov арқылы басқа адамның атынан қалай анықтама алуға болады?

Жарияланды
Жауап 2 сағат ішінде келеді

Қазіргі таңда электронды үкімет порталдарында түрлі қызметтер ұсынылып жатыр. Көпшілік біле бермейтін, бірақ білуі тиіс қызметтердің бірі – өзге адамның атынан анықтама алу қызметі. 

Бекітілген тәртіп бойынша жеке тұлға eGov.kz порталында басқа адамның атына электрондық анықтаманы алуға құқылы. Ол үшін ЭЦҚ-ны қолданбай-ақ бір реттік SMS-пароль арқылы порталға кіріп, сұранысқа қол қою жеткілікті. Еске сала кетейік, «Анықтамасыз қызметтер» жобасын іске асыру шеңберінде пилоттық режимінде үшінші тұлғамен анықтама алу қызметі осы жылдың қаңтар айында іске қосылған болатын. 

Бұл процесс қазір былай атқарылады: 

Анықтаманы қажет еткен адам порталға кіріп, «Үшінші тұлғамен анықтама алу сервисі» бөлімін таңдайді. Одан соң анықтамасы қажет болатын адамның ЖСН-ын енгізеді. Егер сол азамат азаматтардың мобильдік деректер қорында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтаманың қажетті түрін таңдап, сұрау салуды бір реттік SMS пароль арқылы растайды.

Бұдан кейін азаматқа порталдың жеке кабинеті мен SMS хабарлама арқылы 2 сағат ішінде анықтаманы алуға рұқсат беру немесе бермеу жөнінде хабарлама жіберіледі.

Ол рұқсат берген жағдайда мүдделі тұлғаның жеке кабинетіне осы анықтама түседі. Бұл ретте ескере кету керек нәрсе, егер азаматтың атына анықтаманы алуға заңды тұлға немесе мемлекеттік орган сұраныс жасаса, олар оны өзінің ЭЦҚ-сымен растауы қажет. 

Мүдделі тұлға өзге адамның атынан eGov порталы арқылы мына анықтамаларды ғана алуға сұраныс жасай алады: 

  • Жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама;
  • Жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама;
  • Сотталғандықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама.

Әрине, бұл қызметті пайдалану үшін Азаматтардың мобильдік деректер қорында тіркелу қажет. Ол үшін пайдаланушы электрондық үкімет порталының «жеке кабинетіндегі» «телефон» сызық жолына телефон нөмірін енгізіп, осылайша өзін eGov.kz порталындағы mGov мобильдік қорында тіркеу немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистарына (ХҚКО/арнайы ҚКО) жүгініп, телефон нөмірін ЖСН-ге бекітуі керек. 

 

Сондай-ақ оқыңыз