Бір дауыстың «құны» қанша?
2020 жылғы 10 желтоқсаннан басталып, 2021 жылдың 9 қаңтарына дейін жалғасқан сайлау алды үгіт-насихат кезін Қазақстанның бес партиясы түрлі үгіт материалдары мен іс-ша-раларға 2,1 млрд теңге жұмсады. Мәжіліс депутаттығына үміткерлер үшін 7,2 млн қазақстандық дауыс бергенін ескерсек, бір сайлаушы даусының орташа «құны» – 293 теңге.
Орталық сайлау комиссиясы 7 қаңтарда парламенттік сайлауға қатысқан бес партия: Nur Otan, «Ауыл», ADAL, «Ақ жол» және «Қазақстан Халық партиясының кірісі мен шығысы жөніндегі есепті жариялады. Партиялардың бюджеті өз қаражаты және Қазақстан азаматтары мен түрлі ұйымдардың ерікті жарнасы есебінен қалыптасқан. Қаржы баспа, дыбыс-бейне және басқа да үгіт материалдарын шығару мен таратуға, телеарна эфирінің ақысы, көлік пен іссапар шығындарына т.б. жұмсалды.
Парламентке өту үшін жеткілікті дауыс жинай алмаған ADAL саяси партиясы – дауыс берген әр сайлаушыға ең көп ақша жұмсаған партия. ОСК мәліметіне сүйенсек, партияны 259 мың қазақстандық қолдаған, яғни ADAL бір дауыс үшін 1 290 теңге «төледі». ADAL жалпы сомасы 335 млн теңге жинап, үгіт-насихат жұмыстарына 333,7 млн теңге жұмсаған. Шотында 1,3 млн теңге қалған.
Ал «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы өз сайлаушысының даусына 1 274 теңге жұмсады. Бұл партияға 383 мың адам дауыс бергенімен, партия 7%-дық межені еңсерген жоқ, сондықтан аталмыш партия өкілдері парламенттің төменгі палатасында отырмайды. Сайлау алдындағы науқан кезінде «Ауыл» 490,4 млн теңге жинап, үгіт-насихат жүргізуге 488 млн теңге жұмсаған. Шотта 2,5 млн теңге қалды.
Сайлау нәтижесіне сенсек, «Қазақстан Халық партиясын» 659 мың адам қолдаған. Осылайша, бұл партия жақтастары даусының «құны» 568,4 теңге болып тұр. Сайлау алды науқанына партия өзінің бар ақшасын – 374,6 млн теңге жұмсаған, жиналған 375,8 млн теңгенің 192 мыңы қалыпты.
«Ақ жол» демократиялық партиясы үшін дауыс берген 793 мың қазақстандықтың әрбір даусына партия 381 теңге «төледі». Партия жалпы 307 млн теңге жинап, сайлау алдындағы бір айда 302 млн теңге жұмсаған. Партияның есепшотында 5 млн теңге тұр.
Сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарына ең көп қаржы – 622,6 млн теңге жұмсаған партия – Nur Otan. Қомақты қаржы жұмсағанына сай, оған дауыс бергендердің қатары да көп. Сайлау нәтижесі бойынша партияға 5 миллионнан аса адам дауыс берді десек, әр дауыс партияға 120 теңгеден айналған. Партияның сайлау қорына жалпы 637,5 млн теңге жиналған, сайлаудан кейін оның есепшотында 14,9 млн теңге қалды.
Сайлау қорында қалған қаражаттың үштен екісі республикалық бюджетке жіберіледі, ал үштен бірі партияларға қайтарылады.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау 2021 жылдың 10 қаңтарында өтті. 7 пайыздық межені еңсеріп, мәжіліске үш партия: Nur Otan, «Ақ жол» және «Қазақстан Халық партиясы» өтті. Nur Otan – 76, «Ақ жол» – 12, «Қазақстан Халық партиясы» 10 мандат иеленді.