Елімізде жолдардың 19 мың шақырымға жуығы аспаптық диагностикадан өтпек
Қазақстанда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының нақты жағдайын бағалау мен аспаптық мониторинг жүргізу жалғасуда. Биыл аталған жұмыстармен республикалық желінің 78%-ы немесе 18 968 шақырым жол қамтылмақ. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Осылайша, ұзындығы 4934 шақырым болатын кепілдендірілген жол учаскелеріне мониторинг жүргізу және 14 034 шақырым жолдың нақты жағдайын бағалау көзделген.
Қазақстандағы жол инфрақұрылымы қауіпсіздігін диагностикалау мен бақылау осыдан екі жыл бұрын қолға алынған болатын. 2019 жылы Павлодар және Қарағанды облыстарында 2 мың шақырымнан астам жол талданды. Былтыр мамандар 16 345 шақырым жолды диагностикадан өткізді. Соның 4665 км – кепілдендірілген жол учаскелерін мониторингілеу болса, 11 680 шақырым жолдың нақты жағдайы бағаланды.
Еске сала кетейік, бақылау деректері «Жол активтерін басқару жүйесіне» енгізілуде. Аталған жүйе жолдардың орналасуын, геометриялық параметрлерін, жол құрылымдарын, бағыт жағдайын, қозғалыс қарқындылығы мен көлік ағыны құрамын, сондай-ақ жолдардың техникалық күйін және ақаулардың жиынтық тізімін біріктіреді. Республикалық автомобиль жолдарының нақты жағдайын аспаптық бағалау қауіпсіздік рейтингін шығаруға көмектеседі.
Диагностикалау кезінде жұмысты тез және тиімді жүргізуге, автомобиль жолдары мен құрылымдарының жай-күйі туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық құрылғылар қолданылуда.