Биыл халықты емдеуге қанша ақша бөлінеді?
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Болат Төкежановтың айтуынша, биыл медициналық жылжымалы кешендерде ауыл тұрғындарына бұрын қолжетімсіз болып келген қызмет түрлері көрсетілмек. Әсіресе, биыл емханалардағы консультативтік-диагностикалық көмек көлемі артқан.
Аса маңызды саналатын – бейінді мамандардың консультацияларын алу, зертханалық талдау, скрининг, диагностика, вакциналау, ауруханаға жатқызуға жолдама алу қызметтері ұсынылмақ. Бірінші тоқсанның өзінде жылжымалы кешендер 231,9 млн теңгеге 120 мың қызмет көрсеткен.
«Бірінші тоқсанда 800 мыңға жуық зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ, функционалдық, ультрадыбыстық және рентген-диагностикалық жарты миллионнан астам зерттеулер жүргізілді, 7 млн-ға жуық скрининг қызметі көрсетілді. Осы жылдың I тоқсанында жоғары технологиялық қызметтерді қолданумен жасалатын хирургиялық операциялар санының 25% өскені байқалады. Жыл басынан бері медициналық ұйымдарда 1602 операция жасалды. Биыл 526 экстракорпоралды ұрықтандыру процедурасы орындалды. Мысалы, өткен жылы I тоқсанда 59 ЭКҰ жасалған» дейді Төкежанов.
Қор өкілдері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында балаларға стамотологиялық қызмет көрсетудің тегін екенін де атап өтті.
Медициналық көмектің сапасын бақылау департаментінің директоры Лаззат Шоманованың айтуынша, елімізде 18 жасқа дейінгі балаларға және жүкті әйелдерге стоматологиялық қызметтер жоспарлы түрде тегін ұсынылады.
«Жүкті әйелдер, балалар тіс жегін емдей алады. Сондай-ақ, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, мүгедектігі бар азаматтарға, зейнеткерлерге, атаулы әлеуметтік көмек алатындарға жедел стоматологиялық көмек көрсетіледі. Мысалы, ауырған тісті жұлу секілді. Бұдан бөлек, балаларда туа біткен ақаулар болса, ортодонтиялық көмек тегін болады» деді Шоманова.
Стоматологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың тізімі қор сайтында жарияланған. Тізімде көрсетілген кез келген клиникаға жолдамасыз баруға болады. Қор ақпараттық жүйеде автоматты түрде қалыптасқан жолдама арқылы төлем жасайды.
Дәл қазір қор жүйесінде 15,9 млн қазақстандық сақтандырылыпты. Халықтың 84,4 пайызының медициналық сақтандыру қатысушысы екені анықталған. Жүйеден тыс қалған 3 млн-ға жуық қазақстандық та әрқашан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы екен.
«Сақтандырылмағандардың ішінде 2 млн адам тұрақсыз төлеушілер болып табылады. Яғни олар үшін қандай да бір аударымдар және (немесе) жарналар алынды, бірақ олар тұрақты емес, соның салдарынан берешек пайда болады және медициналық сақтандырылу мәртебесі жоқ. Төлемдердің жүйелілігін сақтау маңызды. Тағы 922 мың адам МӘМС үшін бірде-бір рет жарна төлемеген. Олардың саны азайып келеді: жыл басында олар бір жарым есе көп болды – 1 428 мың адам» деді Төкежанов.
I тоқсандар МӘМС жарнасы мен аударымы түрінде 183 млрд теңге түскен. Мемлекеттің жеңілдік берушілер үшін аударған жарнасы – 95,4 млрд теңге, жұмыс берушілердің аударымдары – 44,4 млрд теңге, ал қызметкерлердің жарнасы 35,2 млрд теңгені құраған. Жеке кәсіпкерлер, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін дербес төлеушілер жарналарының үлесі 5% құраған.
Қор басшысының айтуынша, МӘМС жүйесіне төленетін төлемдердің ең азы – 25 500 теңге (12 айда). Бұл сақтандырылған адамға құны бірнеше миллион теңге тұратын қымбат тексерулер, операциялар, ЭКҰ қоса алғанда, ТМККК және МӘМС екі пакетіндегі медициналық көмектің ауқымды тізбесіне қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
Ал 2021 жылдың 1 тоқсанында пандемиямен күреске қор 71 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Қазақстандықтар коронавирустық инфекция және пневмония кезінде медициналық көмекті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы мәртебесіне қарамастан тегін алады.
«Қазақстандықтар үшін медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен инфекцияның таралуының алдын алу үшін өте маңызды болып табылатын ПТР-зерттеулерге қолжетімділік қаншалықты артқанын атап өткім келеді. Былтыр шамамен 1,9 млн ПТР-тест жүргізілсе, биылғы жылдың алғашқы үш айында КВИ вирусын анықтауға 1,3 млн зерттеу қаржыландырылды» деді Төкежанов.
Ал биыл халыққа медициналық көмек көрсетуге 1,8 трлн теңге бағытталмақ.
«Биыл біз сақтандыру қаражаты түсімдерінің болжамын 150 млрд теңгеге ұлғайтамыз. Бұл ақшаны қайда жұмсау маңызды? Пациент медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан кез келген клиникада, оның қай жерде орналасқанына және меншік нысанына қарамастан, сапалы медициналық көмек алуы тиіс. 1 сәуірдегі жағдай бойынша қор 1 363 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасалды, оның ішінде 688-і жеке меншік клиникалар, былтыр олардың саны 635 болды. Халыққа медициналық қызмет көрсету үшін тартылатын жеке меншік жеткізушілердің өсу үрдісі сақталуда. Бұл пациенттің ең жақсы клиниканы таңдау мүмкіндігі. Медициналық қызметтерді жеткізушілердің тізімі қордың Fms.kz сайтында жарияланған» деп атап өтті Болат Төкежанов.
Болат Төкежановтың айтуынша, мақсатты топтағы пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. 2021 жылы амбулаториялық дәрі – дәрмекпен қамтамасыз етуге 152,4 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде ТМККК шеңберінде – 122,3 млрд. теңге, МӘМС-30,1 млрд. теңге.
Қор қажетті дәрі-дәрмек сатып алудағы кідірістерге жол бермеу үшін алдын ала аванстық төлемдер түрінде дәрі-дәрмектерді сатып алуға қаражат бағыттайтыны туралы айта кеткен жөн.