
Bloomberg мәліметінше, Қазақстан үкіметі Chevron бастаған консорциумнан шамамен 10 млрд доллар бір реттік төлем жасау және мемлекеттің Теңіз кен орнындағы үлесін қазіргі 20%-дан кемінде 35%-ға дейін ұлғайтуды талап етіп отыр. Оның орнына 2033 жылы аяқталатын келісімнің мерзімін ұзарту қарастырылуы мүмкін. Бұл туралы Teniz Capital мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Қазір «Теңізшевройлдағы» үлестің 50%-ы оператор Chevron-ға, 25%-ы ExxonMobil-ға, 20%-ы «ҚазМұнайГазға», тағы 5%-ы Лукойлдың еншілес құрылымы Lukarco-ға тиесілі.
Келіссөз бірнеше айдан бері жүріп жатыр. Ресми 2025 жылғы қыркүйекте басталған.
2026 жылғы сәуірде энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ТШО серіктестері Теңіз кен орнында 2033 жылдан кейін де жұмыс істеуге мүдделі екенін айтқан.
Bloomberg жариялаған жаңа мәліметтің басты ерекшелігі – келісімді ұзартудың ықтимал құны алғаш рет нақты сандармен аталып отыр. Бұл Қазақстанның 1990-жылдары жасалған ірі мұнай келісімдеріне қатысты ұстанымының қатаңдай түскенін көрсетеді.
Бұған қоса, Қазақстан Қашаған мен Қарашығанақ жобалары бойынша ондаған миллиард доллар көлеміндегі дауларға қатысты халықаралық арбитраж процестерін жүргізіп келеді.
Қазақстанның келіссөздегі позициясын мұнай нарығындағы жағдай да күшейтіп отыр. Ел Еуропаға мұнай жеткізетін ірі экспорттаушылардың біріне айналды, ал Таяу Шығыстағы жеткізілім тәуекелдері Каспий мұнайының маңызын арттырды.
Алайда Теңізге қатысты ұзақмерзімді тәуекел де бар. Тамызда ExxonMobil кен орнындағы өндіріс ең жоғары деңгейіне жақындағанын, ал 2035 жылға қарай тәуліктік мұнай өндіру көлемі шамамен 500 мың баррельге дейін төмендеуі мүмкін екенін ескерткен.
Сонымен бірге Теңізді игеру технологиялық тұрғыдан күрделі. Кен орнындағы күкіртсутегінің жоғары мөлшері ірі халықаралық компаниялардың технологиясы мен тәжірибесін қажет етеді. Сондықтан ұзақмерзімді келісімге Қазақстан да, шетелдік серіктестер де мүдделі.
Chevron үшін Теңіздің маңызы қандай?
Chevron игеріп жатқта мұнай-газ қорының 10%-дан астамы Қазақстанда орналасқан. Ал «Теңізшевройл» компанияның негізгі ақша ағынын қамтамасыз ететін активтердің бірі саналады.
2026 жылдың екінші тоқсанында Chevron-ның үлестес компаниялардан алған төлемдері шамамен 3 млрд доллар болған. Оның басым бөлігі ТШО-ға тиесілі.
Компанияның барлық үлестес кәсіпорындарынан түсетін жылдық төлем Brent бағасы барреліне 70 доллар болған жағдайда шамамен 6 млрд долларды құрауға тиіс.
Қазақстан талап етіп отырған 10 млрд доллар бір реттік төлемнің консорциум мүшелері арасында қалай бөлінетіні әзірге белгісіз.
Тағы бір мәселе – Лукойлдың ТШО-дағы 5% үлесі. 2026 жылғы қаңтарда Қазақстан Энергетика министрлігі компанияның елдегі активтерін сатып алу мүмкіндігіне байланысты АҚШ Қаржы министрлігіне өтініш жолдаған.
Ал «ҚазМұнайГаз» үшін ТШО-дағы үлестің ұлғаюы ұзақмерзімді болашақта дивиденд пен басқа да ақшалай түсімдердің артуына мүмкіндік беруі ықтимал.
Бұған дейін де Chevron үшін Теңіздің маңызы айқын болған. 2026 жылдың екінші тоқсанында Теңіз Chevron портфеліндегі өндіріс өсіміне ең үлкен үлес қосты: өндіріс алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда тәулігіне 170 мың баррельге артқан.
Компанияның бас директоры Майк Уэрт Теңіз келісімінің ұзартылуын Chevron үшін өсу мүмкіндігі бар ерекше жобалардың бірі ретінде атаған.