Бала асырап алуға қатысты нұсқаулық

Жарияланды
Қазақстанда бұл процесс қалай іске асырылады?

Бала асырап алуды жоспарлап жүрген болсаңыз, мына жерде сізге толық әрі түсінікті нұсқаулық әзірлеп қойдық. Көкейде жүрген көп сауалыңыздың жауабын беруге асықпыз. 

Неден бастау керек?

Алдымен қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды орындайтын органға емесе Республикалық деректер банкі арқылы www. rbd-kopd.kz веб-порталында деректерді енгізу жолымен өтінішті және қажетті құжаттарды беру керек. Сөйтіп деректер банкіне тіркелесіз. Кейіннен сізге бала асырап алуға бола ма, жоқ па — соны анықтайды. Оң қорытынды алып, деректер банкіндегі мәліметтерді жария етпеуге қатысты міндеттемелерді қабылдаған соң қай балаларды асырап ала алатыныңызды көресіз. Бұдан кейін балалар үйіне баламен танысуға барып, онымен байланыс орнату үшін жолдама аласыз. Баланың әдеттерін, талғамын, мінезін жан-жақты білген соң, бала туралы толыққанды ақпарат алып, құжаттарымен танысу қажет. Сөйтіп баланың денсаулығы туралы медициналық қорытындысымен танысу фактісін жазбаша түрде растайды.

Одан соң, бала тұратын білім беру, медициналық және өзге де ұйым өкілінің қатысуымен асырап алынатын баланы тәуелсіз медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық мекемеге жүгінесіз. Барлық құжат әзір болған соң, асырап алуға үміткерлер құжаттарды қоса тіркеп, сотқа өтініш береді. Білім беру басқармасы/бөлімі комиссияның қорытындысы негізінде, асырап алушының  баламен жеке қарым-қатынас жасау фактісі туралы мәліметтерді көрсете отырып, баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты сотқа береді. Сотқа үміткерлердің өзі, орган өкілі жәе прокурор міндетті түрде қатысуға тиіс.

Осыдан соң барып, жеке басын куәландыратын құжатты және сот шешімін ұсынып, баланы алып кете аласыз. Бала кәмелет жасқа келгенше жылына кемінде бір рет есеп сұралады. Ол жерде баланың қалай тұрып жатқаны, денсаулық жағдайы туралы ақпарат болуы керек.  сіздің өзіңіздің қатысуыңыз, орган өкілінің және прокурордың қатысуы міндетті.  Сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық органдары тарапынан жүйелі түрде жүргізілетін тексерістерге кедергі жасамау қажет.  

Қандай материалдық көмек көрсетіледі?

     «Балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар» туралы Заңының 4-бабына сәйкес, туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа (қамқоршылыққа) алған балалары бар отбасылардың:

•    бала туғанда берілетін жәрдемақыға (егер бала жаңа туған болса);
•    бала күтіміне мынадай жағдайларда: 
•    бала күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болмаса;
•     2008 жылғы 1 қаңтарға дейін туған баланың күтімін жүзеге асыратын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы саналатын жағдайларда бала күтімі жөніндегі жәрдемақы;
•    отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен болған жағдайда, балаларға арналған жәрдемақы;
•    мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы алуға құқығы бар.

      ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 10 шілдедегі №787 қаулысына сәйкес баланы асырап алушыларға жетім баланы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы асырап алуға байланысты біржолғы ақшалай төлем жасалады, оның көлемі — 75 АЕК. Жаңа туған баланы асырап алған кезде сіз тиісті төлемдермен декреттік демалысқа шыға аласыз. Балаларға жәрдемақы алу құқығы тоқсан сайын табыс туралы анықтамалар ұсынылып, расталады. 

Қандай баланы асырап алуға болады?

Баланың ата-анасының екеуі де не біреуі:
•    қайтыс болса;
•    баладан бас тартса;
•    ата-ана құқығынан айырылған және олар қалпына келтірілмеген болса;
•    асырап алынатын баланың (балалардың) туыстарына, анасымен немесе әкесімен некеде тұрған адамдарға баланы асырап алуға келісім берген;
•    сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
•    белгісіз болған жағдайда асырап алуға болады. 

Тууы тиісті түрде тіркелген кәмелетке толмаған балаларды асырап алуға болады. Сондай-ақ, асырап алуды толық тән саулығы, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері ескеріле отырып, тек қана солардың мүддесінде жүзеге асыруға болатынын есте сақтау қажет. Бұл ретте баланың жасы, жетілу дәрежесі және асырпа алуға келісімі есепке алынады. Егер ата-анасы баладан бас тартса, туыстары оны өз азаматтығына және тұрғылықты жеріне қарамастан асырап ала алады. Ағалы-інілі немесе апалы-сіңлілі балаларды түрлі отбасыларға асырап алуға болмайды. Бұл жағдайда тек балалар өз туыстығы туралы білмесе, бірге тұрмаса және бірге тәрбиеленбесе ғана оларды  асырап алуға жол беріледі.  

Елімізде жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкі бар.

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің сайтында жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тәрбиеленетін жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы туынды ақпарат жазылған. Жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар туралы туынды ақпаратқа Республикалық деректер банкінде қамтылған, жынысы жөніндегі, жасы, денсаулық жағдайы, мінезінің ерекшеліктері, ата-ана қамқорлығының болмау себептері, аға-інілері мен апа-сіңлілерінің (қарындастарының), кәмелетке толған туыстарының бар-жоғы, сондай-ақ отбасыларға тәрбиелеуге орналастырудың ықтимал нысандары туралы ақпарат және балалардың фотосуреттері жатқызылады.

Қандай құжаттар керек?

Азаматтар тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органына немесе жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың Республикалық деректер банкі арқылы мына құжаттарды қоса бере отырып бала асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш береді:

1.    жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелері;
2.    жақын туыстарының бала асырап алуға арналған жазбаша келісімі (еркін нысанда);
3.    жиынтық табыс мөлшері туралы анықтамалар (жұмыс орнынан жалақысы туралы, кәсіпкерлік қызметтегі табысы және бірге тұратын барлық отбасы мүшелерінің өзге де табыстары туралы анықтама); 
4.    отбасы жағдайы туралы анықтамалар (некеге (ерлі-зайыптылыққа) тұру (бұзу) туралы куәліктің көшірмесі, балалардың (бар болса) туу туралы куәліктерінің көшірмесі);
5.    Кодекстің 91-бабы 1-бөлімінің 6) тармақшасына сәйкес азаматтың ауруының жоқтығын растайтын денсаулық жағдайы туралы анықтамалар, сондай-ақ наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғандығы туралы мәліметтің жоқтығы туралы анықтамалар;
6.    ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебі бойынша адамның қылмыс жасағаны туралы мәліметтің бар немесе жоқтығы туралы анықтамалар;
7.    тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үймен пайдалану құқығын дәлелдейтін құжаттың көшірмесі;
8.    жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды (баланың жақын туыстарын қоспағанда) патронаттық тәрбиеге қабылдауға тілек білдірген адамдарды оқытуды аяқтағандығы туралы куәліктің электрондық көшірмесі (2020 жылғы 1 шілдеден бастап).

Өз атына жазып алу мәселесі

      Негізі Кодекстің 97-бабына сәйкес, асырап алынған баланың өз аты, әкесiнiң аты (егер бар болса) және тегi сақталуы мүмкін. Асырап алушының өтініші бойынша балаға тегі мен атын беруге болады, әкесінің аты асырап алушының аты бойынша немесе асырап алушы әйел болса – ол көрсеткен әке аты бойынша айқындалады. Егер бала 10 жасқа толса, онда оның тегі, аты, әкесінің аты тек баланың келісімі бойынша өзгертіледі. 
      Бала асырап алу құпиясын қамтамасыз ету үшiн асырап алынған баланың туған күнi, айы, жылы алты айдан аспайтын мерзімге, сондай-ақ оның туған жерi өзгертiлуi мүмкiн. Үш жасқа дейiнгi баланы асырап алған кезде ғана асырап алынған баланың туған күнiн, айын, жылын өзгертуге жол берiледi. Асырап алынған баланың туған жерін өзгерту Қазақстан Республикасы аумағының шегінде ғана жүргізіледі және баланың жасына қарамастан асырап алушының қалауы бойынша жол беріледі. Асырап алынған баланың туған күнiнің, айының, жылының және туған жерiнiң өзгеруі туралы оны асырап алу туралы сот шешiмiнде көрсетiледi.
 
 

Сондай-ақ оқыңыз