Такси қызметінің табысы төрт есе өскен

Жарияланды
Такси тарифтері біршама қымбаттаған

Жыл басынан бері еліміздегі такси қызметін көрсететін компаниялар мен жеке кәсіпкерлер шамамен 1,7 млрд теңге табыс тапқан. Ал 2020 жылдың қаңтар-мамыр айларында таксистердің табысы бұдан төрт есе аз болған. Былтыр локдаун кезіндегі табысы 389 млн теңгені құрапты. Бұл деректер ҚР Ұлттық статистика бюросының статистикалық жинағында келтіріледі. 

Биылғы бес ай қаншалықты табысты болды дегенімізбен,  бұл компаниялар пандемияға дейінгі табысына шыға аламаған. Айталық, 2019 жылдың 5 айында такси қызметін көрсететін компаниялардың табысы 2,4 млрд теңгеге жеткен. 

Сонымен қатар, қоғамдық жолаушы тасымалымен айналысатын компаниялар 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында  35,3 млрд теңгеден астам пайда тапқан. Бұл  былтыр сәйкес кезеңмен салыстырғанда 22%-ға артық.

Егер такси қызметінің сандық көрсеткішіне келер болсақ, 2021 жылғы қаңтар-мамырда 771 млн жолаушыға қызмет көрсетілсе,  былтыр локдаун мен ТЖ режимі кезінде жолаушылар ағыны бұдан екі есе көп болған.  Яғни деректерді салыстыра келе,  такси бағасы мен тарифтерінің  бір жылда біршама қымбаттағанын байқаймыз. 

Бұған дейін  Қазақстанда такси агрегаторлары алатын комиссияны шектеу туралы ұсыныс айтылған еді. Такси қызметі салалық қауымдастығының төрағасы Медет Құрмановтың айтуынша, бұл қадам  «такси агрегаторлары тарифтеріне мониторинг жүргізу мен реттеуге» мүмкіндік береді. Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі  бұл мәселеге қатысты шешім  Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе талқыланған соң ғана шығатынын айтып өткен. 
 

Сондай-ақ оқыңыз