Смартфон балаға қару ма, дәру ме?

Жарияланды
Екіойлы болып жүрген ата-аналарға кеңес

«Бүгінгінің баласы бәрін іштен біліп туады-ей» деп тамсанып айтып жатамыз. Әсіресе, смартфонды қолына алса, өздерін суда жүзген балық сияқты сезініп кетеді. Кішкентай саусақтарымен былай да былай телефон бетін сипап, керегін әп-сәтте тауып алады. Әріп тану тұрмақ, сөйлеуді енді бастап жүрген сәбилер де солай. Youtube-тен өзіне керегін қосып алып, содан қызыққа батып отырғаны сол. Жылатпаудың амалы деп қыңқ етсе қолына ұстата саламыз. Психологиясы мен денсаулығына әсері қандай екенін ойлай бермейтініміз де бар. «Ақылды» телефонды ақылмен қолдануға бола ма? Бала тәрбиесіндегі телефонның үлесі қандай болғаны жөн?

Расында Z дәуірі балаларының кіндігі гаджетпен «байланып» туатын сыңайлы. Жаңа медиа институтының (MOMRI) зерттеуіне сәйкес, он жасқа қарай он баланың тоғызында смартфон болады екен. Ал планшет не телефонмен ойнауды көпшілігі бес жастан бастайды деседі. Ересектер болса, смартфонды ысырудың орнына, қолдануды үйретіп әлек. Қолынан телефон түспеген баланың бәрі тәуелді ме? Әдетте, тәуелділік туралы айтқанда асыра сілтеп жатамыз. Мысалы, бала смартфонға көп үңілсе, бірден тәуелді болып қалды деп дабыл қағамыз. Негізі «тәуелділік» термині IT-технология пайда болмай тұрып қолданылды. Кейін әр салада тәуелді тұстар шығып, бұл түсінік кеңейді. Біз талқыға салып отырған тақырып — электронды тәуелділік. Яғни күнделікті қажеттілік саналатын — ұйқы, тамақтан бас тартып, тек телефонға телміріп отыратын жағдай. 

Балаңыз сыртқа шығудан қалып, компьютер не телефоннан бас алмайтын болса, айтқан ескертуіңізді негатив түрде қабылдаса, тәуелділік қалыптасқанын білдіреді. Оның да түр-түрі бар. Мысалы әлеуметтік желіге байлануды алайық. Әдетте әлемжелі өзіне сенімсіз балаларды еліктіреді. Өйткені қоғамдық өмірде өзін көрсете алмаған ол, оны онлайн іске асыруды көздейді. Көп сурет пен пост салып, көңілді өмір сүретін кейіп танытқысы келеді. Сөйте тұра тірідей таныстық не қарым-қатынасқа келгенде тежеліп қалады. Психологтардың айтуынша, гаджетке тәуелділікті тудыратын — ата-ана. Өйткені бала көргенін істейді.

Телефонға телмірген әке-шешесін көріп, бұл әдетті өзіне көшіріп ала салады. Сонымен бірге сәби кезінен көңілін аулап, тыныштандыру үшін телефон береді. Ол одан мультфильм қарайды не ойын ойнауды әдетке айналдырады. Тым ерте кезден гаджетке үйреніп кеткен баланың сөйлеу қабілеті бұзылады екен. Өйткені ми қызметі сурет салу, құрастыру сияқты қабілеттер арқылы дамиды. Қолды тек смартфон бетін сипау үшін ғана қозғалтатын болса, сөйлеу процесі тежеліп, бала адаммен қарым-қатынас жасауға икемсіз болады екен.   

Мектепке дейінгі балалар медиакеңістікте күніне 3-5 сағатын өткізеді екен. Бұл аз шама деуге келмейді. Баласының қолынан тартып алуға тырысса, бірден ашуланып шыға келетінін айтып, шағымданатындар көп. Жыламасын деп жіби салады. Ал егер жылағанына қарамай гаджетін жұлып алса, екеуара «соғыс» басталып кетуі де мүмкін. Негізі мұндай қиын жағдай туындаса, мамандарға барып, кеңес алған дұрыс. Дегенмен көпшілігі бұл мәселені өзі шешуге тырысады. Бірінің қолынан келсе, енді бірі баладан жеңіліп жатады. Қатаң тәртіп арқылы тыйым салатын әдіс кең таралған. Оны әу баста қолданбай, жағдай ушыққанда іске қоссаңыз, баланы өтірікші етуіңіщ ықтимал. Өйткені ол қорыққанынан телефон ұстамайтын адамның кейпін таныта бастайды. Сөйтіп сәл мүмкіндік туған бойда гаджетімен қауышуға асығып тұрады. Құдды қолына ұстамағандай түр жасап, бәрі ұйықтап қалғанда ойнауы мүмкін. Осылайша ұйқысы қанбай, ертеңінде сабақта ұйықтап, өткен тақырыпты түсінбей қалады.

Бірақ заманның заманауи «түлкі» екенін ескерсек, гаджетсіз күн қараң. Білім және тәрбие беру мекемелерінде де қолданылады. Түрлі ойындар, қосымшалар бар. Одан қалса, онлайн сабақ алу, шеберлік сағаттарына қатысуды қосыңыз. Баланың дамуына көмектесетін мұндай әдістерді жоққа шығара мүмкін емес. Асылы, диджитал өмірге бейімделген жөн.

Бала тәрбиесі бойынша коуч Ұлдана Әділханқызы баланы телефонға тәуелсіз етіп тәрбиелеуге қатысты кеңестерін бөлісті. «Смартфонның зияны емес, тек қаншалықты баланың дамуына кедергі келтіретіні туралы айта кетейін. Ия, бала тәрбиесі сонау құрсақтан басталатынын ескеретін болсақ, оның телефон, теледидардың бөтен зат деп қабылдамауы —заңдылық. Ата-ана алдындағы ендігі үлкен тапсырма — баланы тәуелсіз етіп тәрбиелеу. Ең бастысы балаға 3 жасқа дейін мүлдем телефон, телевизор көрсетпеген дұрыс. Себебі бала миының дамуында енді ғана жаңа қыртыстар қарқынды дами бастайды. Дәл осы тұста баланың миына микротолқындар қатты әсер етеді. Оның 30 минуттық телефон қарауы, күні бойы өзін гипербелсенді ұстауына әкеліп соғады. Содан бала мазасызданады. Ол тыныш отырсын деп тағы бір телефонның дозасын береміз, осылайша баламыздың тәуелділігін өз қолымызбен арттырып қояды екенбіз. Егер бала телефонға көп әуестенетін болса, мұның шешімі — баламен бірге уақыт өткізу. Немесе мына үш бағыт — физикалық, интеллектуал және шығармашылық бағыт бойынша баламен жұмыс жасауға тиіспіз. Жалпы баланың далада шаң топыраққа малынып өсіп, қыста емін-еркін қармен ойнап, талға өрмелеп, жапырақ түрлерін қолымен ұстап қарап үйренгеніне ештеңе жетпейді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) да «Балаларыңа атқа міну, суға жүзу, садақ атуды үйретіңдер» деп өсиет еткен еді. Ендігі мәселе не себептен жасы үлкенірек балалардың сабақ оқуға, үй шаруасына араласуға құлықсық, қоғамдағы белсенділігі төмен екенін ашып қарайық. Осылай құрсақтан бастап телефонға тәрбиеленген бала, одан қалды баланың сәбилік кезеңінде телефонмен емін-еркін қолдануын тоқтатпаған бала үшін мектепке барғанда да бұл телефон баланың өмірінің бір бөлшегі болып қалыптасатын анық. Дегенмен ата-ана үшін рухани сау ұрпақ тәрбиелеу — Алла тарапынан келген аманат. Телефонды күштеп бермей қою арқылы біз баланың ойын өзгерте алмаймыз. Гаджет берер алдында баламен құжат арқылы уақытын, мазмұнын, форматы туралы тәптіштеп сөйлесіп, бірге деклорация жасап алған дұрыс. Бір жағы бала бір сәт болсын өзін дипломат сезінеді. Яғни бұл тарапта балаға да, ата-анаға да ыңғайлы болуы керек. Ол құжатта қандай ережелер болуы мүмкін? 

Мысалы, «мына ойын түрлерін мүлдем жүктеуге болмайды, мына ойын түрлерін ойнауға болады, осынша уақыт аралығында телефон ұстауға болады, мына әлеуметтік желіні сағат 15.00-17.00 аралығында пайдалану керек» деп өзіңіз бекітесіз. Сонда балада тәуелділік болмайды. Ең бастысы, баланың ыдыс секілді екенін есте ұстау қажет. Сыртқы келбетіне мән бергеніміз секілді баланың рухани деңгейіне де баса мән берген жөн» дейді Ұлдана Әділханқызы. 

Телефонды ұзақ пайдаланбау, дамытатын роликтер көрсету, музыкатерапия әдістерін қолдануға кеңес берді. Бауыржан Карипов өз кейстерін атап өтті. Ол ата-аналар алдымен өзін тәрбиелеу керек деген пікірде. «Z ұрпақты психологтар «қиындыққа төзе алмайтын ақылды балалар» деп таниды. 7 жасқа дейін баланың супермені, спайдермені, темірадамы  — әкесі. Әкесі, анасы не істесе, бала да соны қайталайды. Шындық осы. Мұғалім болған кезімде мынадай оқиға болған еді. 9-сыныпта оқып жүрген оқушымның сабағы дұрыс болмай жүрді. Ата-анасын шақырдым. Әкесі баласын жамандай бастады. Күні-түні компьютер ойнайды, үй тапсырмасына салғырт қарайды дейді. Содан әйеліне күйеуіне «тыныш отыр, компьютерді сен де ойнайсың» деді. Яғни сен тыйылмай, бала да тыйылмайды. Сөз ұқпайтын жаста не істеуге болады? Ата-ана жұмыстан, бала балабақшадан келгеннен кейін ортақ бір ойын ойнауы керек. Өте маңызды. Біз 2-3 жаста сандармен, түрлі фигуралар, легомен, 4-5 жаста шашки, бұрыш, лего, 5-6 жаста шахмат, домино ойнадық. Пайдасы болды. Қандай ойын болсын, баланың әкесімен ойнауы өзіңе де, балаға да — ұлы мотивация. Бала телефонмен емес, әкесімен ойнағысы кеп тұрады. Мектепке барған кезде, мынадай келісімге бардық. Аптаның бес күнінде телефонға мүлдем жоламайды. Сенбі бойы бала телефон арқылы «қалағанын» көреді. Әлбетте контентті өзің қадағалайсың. Жексенбі күні кітабын, сабағын оқиды. Сенбі күні азаннан кешке дейін көрмейді, жалығады, легомен ойнайды көбіне. Анда-мында шығасың. Жұма күні де ұйықтап қалады. Әдісіміз жақсы жұмыс істейді. Балаға жоспар құрғыза білген дұрыс. Апта сайын болмаса да, ай соңында есеп беріп үйренсе, жетістігі де зор болады. Бар тәжірибеміз осы» дейді.

Байқап тұрсақ, смартфонды дау қыламыз. Сөйтіп артынша жау қыламыз. Әйтсе де, оны да ақылмен қолдануға болады. Ол үшін баламен арада келісім жасап, тәртіпке үйрету ғана қажет. Бәрі де ата-ананың қолында екен. Сіздің ойыңыз қалай, оқырман?
 

Сондай-ақ оқыңыз