«Алтын-күміс тас екен». Қазақстандықтардың алтынға ақша салуы біршама азайған
2021 жылдың мамыр айында қазақстандықтар екінші деңгейлі банк пен жекелеген айырбастау пункттерінен 1 813 құйма сатып алған. Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір айда сатып алынған алтынның жалпы салмағы 60,7 келіге жетеді. Дегенмен, бұл көрсеткіш сәуір айында сатылған алтыннан әлдеқайда аз. Бір ай бұрын халық 2 767 құйма сатып алған еді.
Ұлттық Банк тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан. Бағдарлама қолға алынғалы бері жалпы салмағы 1,95 тонна болатын 54 780 алтын құйма сатылыпты.
Сатып алушыларға алтын құймалардың бес түрі ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Солардың арасында ең көп сұранысқа ие болғаны – 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымдағы үлесі 30% – 16 630 дана. Одан кейін 100 грамдық құйма – 12 128 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 11 430 дана (21%), 5 грамдық құйма – 8 650 дана (16%), 50 грамдық құйма – 5 942 дана (11%) сатылған. Негізінен, өлшенген құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында сұранысқа ие.
Алтын құймалар сенімді инвестициялық құрал бола алады. Банктер мен банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке ақшасын төлеп, құймаларды «күнбе-күн» сатып ала алатын мүмкіндігі – алтын құйма нарығының өтімділігін қамтамасыз етуде негізгі факторға айналып отыр. Бағдарлама іске қосылған уақыттан бері жалпы салмағы 5,8 кг өлшенген 177 құйма ғана кері сатып алуға қабылданды. Бұл, әрине, алтын құймалардың ұзақ мерзімді инвестиция мен жинақ құралы екенінің белгісі.
Әр құйма қорғаныс элементтерімен (құймалардың айна беті, микротекст және рельефтің шеті), құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және пакеттің ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдететін арнайы қаптамамен шығарылады. Қорғаныс қаптамасы, сонымен қатар, құйманың сапа сертификаты бола алады. Сондықтан құйманы сақтағанда мұқият болып, ораманы ашпаған жөн.
Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық банк, Jusan Bank, Банк ЦентрКредит, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және сатуға болады.