Грэмми иегері DJ Imanbek кезекті бейнебаянын жарыққа шығарды

Жарияланды
Саунд-продюсердің туындысы бір тәулікте 175 мың қаралым жинады

«Roses» әніне жазылған ремикспен әлемге кеңінен танылған отандық DJ Иманбек Зейкенов кезекті туындысын қалың көрермен назарына ұсынды. Бұл жолы қазақстандық саунд-продюсер ресейлік орындаушылар – Ya Rick – Ярослав Милославский және Кирилл Dzham-мен бірге бейнеклипке түсті. Ал бейнебаян «Bam» композициясына таспаланды. 

«Бұл – 1982 жылғы суперхит – Sister Nancy орындауындағы «Bam Bam» әнінің өңделген түрі. Imanbek, KDDK мен Ya Rick орындауындағы шығарма 2021 жылдың хит әндері тізіміне қосылып, әлемдегі музыкалық арналардың чартында үздіктер сапынан көрінетіні анық» дейді авторлар. 

Бейнебаян кеңес дәуірінде түсірілген «Кавказдық тұтқын» («Кавказская пленница») фильмінің сценарий желісі бойынша түсірілген. Кейіпкерлердің киімі, түр-әлпеті, декорациялар, тіпті ретрокөлік сол кинотуындыны еске түсіреді. Клипте заманауи өмірдің белгілері де байқалады. Мәселен, музыканттардың вакцина қабылдап жатқанын байқауға болады. 

Еске сала кетейік, Грэмми жүлдесінің иегері мен ресейлік музыканттардың бірлескен еңбегі осы жылдың шілде айында тыңдарман қауымға таныстырылған болатын. 
 

Сондай-ақ оқыңыз