ТМД елдерінің қайсысында коммуналдық төлем «қалтаға» ең аз әсерін тигізеді?

Жарияланды
Қазақстандықтар жалақысының кемінде неше пайызын коммуналдық қызметтерге жұмсайды

Коммуналдық қызметтер үшін төлемге бір қазақстандықтың «таза» жалақысының кемінде 12% жұмсалады. Салыстыру үшін: Ресейде бұл көрсеткіш 17% құрайтын болса, Украинада — 23% Бұл туралы Energyprom.kz мәлімдеді.

Numbeo аналитиктерінің мәліметтері бойынша, негізгі коммуналдық төлемдер — электр қуаты, жылу, сумен жабдықтау, қоқыс шығару — ауданы 85 шаршы метр пәтерде ҚР бойынша орта есеппен ай сайын 49,91 АҚШ долларын құрайды. Зерттелген ТМД елдерінің арасында бұл үшінші нәтиже, әлем бойынша — 21-ші орын, мониторингілеуге енген 109 елдің ішінде.

ТМД елдерінің арасында ең арзан коммуналдық қызметтер — Өзбекстанда (ай сайын 30,43 АҚШ доллары), ең қымбат — Молдовада (119,46 АҚШ доллары).

Рейтингтегі барлық елдер арасында ең төмен баға Нигерияда (айына небәрі 21,78 АҚШ доллары), ең жоғары — Германияда (бірден 263,45 АҚШ доллары).

Алайда мынаны түсінген абзал, бұл аталған бағалар өз бетінше қандай да бір елде коммуналдық қызметтердің қымбатшылығы туралы айқын ақпарат бермейді. Бұл жерде ең маңыздысы — коммуналдық қызметтерге төлем әр тұрғынның «қалтасына» қандай салмақ түсіреді. Мысалға алатын болсақ, Германияда коммуналдық қызметтер — әлемдегі ең қымбат қызметтердің бірі, дегенмен, орташа нетто-жалақыға (яғни, салықтарды төлегеннен кейінгі «таза» жалақы) қатысты олардың құны небәрі 8,9% құрайды. Бұл соншалықты жоғары көрсеткіш емес.

Сонымен қатар, ең арзан коммуналдық қызметтері бар Нигерия елінде тұрғындар өз отбасылық бюджеттеріне төлемнің қысымын әлдеқайда айқын сезінеді, өйткені бұл жерде қызметтер төлемінің орташа жалақыға ара қатынасы 12,2% құрайды. Көріп отырғанымыздай, Германияда коммуналдық қызметтер қымбат болғанымен, сол елдің азаматтарының «қалтасы» үшін ол қатты білінбейді.

ТМД елдері арасында коммуналдық қызметтер үшін төлем мен «таза» жалақының ең тиімді ара қатынасы Қазақстанда байқалады: 11,8%. Коммуналдық қызметтер үшін төлеу Молдова тұрғындарына ауыр тиеді, бұл мақсатта олар жалақының 28,4% жұмсайды. Украинада бұл көрсеткіш 22,7% құрайтын болса, Арменияда — 19,7%, Ресейде – 17,1%.

Сөйтіп, ТМД бойынша ең арзан коммуналдық қызметтер Өзбекстанда болғанымен, іс жүзінде, аталмыш қызметтердің отбасылық бюджетке ықпалы жағынан Қазақстан көш бастап келеді.

Зерттелген елдердің арасында негізгі коммуналдық қызметтерге баға мен «таза» жалақының ең тиімді ара қатынасы — Кувейтте: небәрі 2,3%.

Өте нашар көрсеткіш Эфиопияда: мұнда «коммуналка» үшін төлемге маңдай термен тапқан табыстың 66% кетеді.

ТМД елдерінің арасында Қырғызстан және Тәжікстан бойынша қызметтер құны мен нетто-жалақы бойынша деректер Numbeo аналитиктерімен ұсынылған жоқ.
 

Сондай-ақ оқыңыз