Жамбыл облысындағы жарылыс: 5 кісі қайтыс болып, 90 адам зардап шеккен

Жарияланды
Кеше Қорғаныс министрлігінің қару-жарақ қоймасында жарылыс болды

Қорғаныс министрлігінің қару-жарақ қоймасындағы жарылыс салдарынан 5 адам қаза тауып, 88 адам зардап шеккен. Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан қару-жарақ қоймасындағы жарылысқа байланысты өткен брифингте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев апаттан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіледі деп мәлімдеді.

«Бүгін таңертең үш ауылды аралап шықтық. Бірқатар үйлердің шатыры ұшып, тезелері қираған. Қазір арнайы комиссия құрылды, келген шығын есептеліп, бәрін заң бойынша қалпына келтіреміз» деді әкім. 

Облыс әкімдігі  апат орын алған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып 10 мектеп пен 5 колледж ғимараттарынан 400-ден астам орын дайындалғанын хабарлады. 

ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің мәліметінше, әскери бөлімге жақын үш елдімекен орналасқан: Жібек Жолы кенті – 3 км (378 адам), Үшбұлақ станциясы – 8 км (216 адам), Ботамойнақ – 10 км (492 адам). Бұл ауылдарда жалпы  саны 1 086 адам тұрады. 

Жарылыстан кейін 710 тұрғын Тараз қаласына (Жамбыл политехникалық колледжі, теміржол колледжі, Қазақ-Түрік колледжі, Тараз сервис және технология колледжі, қант-зауыт колледжі, №5, 6, 10, 44, 23, 9, 12, 8, 54 және 53 ОМ) эвакуацияған. Соның ішінде 128 адам арнайы орталықтарға орналасса, 582 адам туған-туыстарының үйіне кеткен. 

Сапарбаев осы төтенше жағдай салдарынан жақындарынан айрылған отбасыларға көмек көрсетілетінін де атап өтті.

«Біріншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық зардап шеккендерге қолдау көрсету, көмек көрсету туралы тапсырмасы бар. Екіншіден, мемлекеттік көмек пен қолдау көрсетуді ескеретін заң бар. Сонымен қатар, демеушілер мен жергілікті бюджет есебінен қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі. Зардап шеккендерге жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан да мемлекеттік қолдау көрсетіледі» деді әкім.

Жарылыстан зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде 3 медициналық авиациялық бригада тартылған. 

Барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілсе, 27-тамыз 10.00 сағаттағы жағдай бойынша 28 адам ауруханада ем қабылдауда, оның ішінде 6 адам орташа ауыр хәлде. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Кеше 26 тамыз күн сағат 19.10-да Байзақ ауданы, Қайнар ауылында орналасқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі No28349 әскери бөлімінің (инженерлік бригада) оқ -дәрі қоймасында жарылыс болған. Қорғаныс министрлігі бұл қоймада  Арыс қаласындағы әскери бөлімнен көшірілген инженерлік оқ-дәрі сақталғанын мәлімдеді.

Қоймадан 1 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылының тұрғындары  бірден қауіпсіз жерге көшірілген. 

Дабыл белгісі бойынша облыстың полиция департаментінің жеке құрамы(300 адам) және 5513 әскери бөлімінің жеке құрамы (520 адам) қызметке кіріскен. Оқиға орнына 30 есептеуден тұратын жедел жәрдем бригадасының және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылған. 

Апат болған жерге баратын барлық жол, соның ішінде теміржол уақытша жабылды. 
Жақын маңдағы Базарбай, Үш-Бұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары эвакуацияланған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз