Алматыда қатқан нан жинайтын контейнерлер орнатылды

Жарияланды
Жиналған тамақ қалдықтары мал азығына өңделеді

Алматының Әуезов ауданында алғаш рет тамақ қалдықтарын жинап, кейін қайта өңдеуге арналған контейнерлер орнатылды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Кәсіпкерлердің бастамасымен Алматыда қатқан нан, ескірген тоқаш пен мерзімі өтіп кеткен макарон және басқа да нан өнімдерін жинайтын контейнерлер пайда болды. Әуезов ауданындағы қоқыс орындарына арнайы сары жәшіктер орнатылды. Жиналған тамақ қалдықтары мал азығына өңделеді.

 «Алғашында мұндай контейнерлер бірнеше учаскеге орнатылды, бізге ҚСК және қоқыс шығаратын компаниялар хабарласты. Біз  бұларды орнатқан кәсіпкерлерді шақырдық, олар мән-жайды түсіндірді және өз тарапынан аудан әкімдігінің басшылығы олардың идеясын қолдады. Біз зерттедік. Контейнерлер орнатыла бастағанда, аулаларда қаңғыбас жануарлар азайып, қоқыс жәшіктерінің айналасы әлдеқайда тазарды», – дейді Әуезов ауданы әкімдігінің абаттандыру басқармасының басшысы Айдын Тұрсынов.

Әкімдіктің мәліметінше, қазірдің өзінде облыс бойынша нан өнімдерін жинауға арналған 180 контейнер орнатылған. Олардың кейбіреулері бұзақылардың шабуылына ұшырап, 78 контейнерді жөндеуге жіберуге тура келді.

Ағасымен бірге контейнер орнатуды қолға алған кәсіпкер Бағдат Сәрсеев өз тәжірибелерін қаланың басқа да аудандарына жеткізіп, азық-түлік қалдықтарын жинайтын жалпы саны 1500-ге жуық контейнер орнатуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

 «Идея карантинге дейін қоғамдық тамақтандыру саласында жұмыс істеген ағама тиесілі. Пандемия кезінде бизнес іс жүзінде тоқтап қалды, содан кейін нан өнімдерін жинап, өңдеу идеясы келді. Менің ойымша, мұндай контейнерлерді орнату қажет. Экологиялық тұрғыдан алғанда, бұл қоқыс полигондарында қоқыстардың жиналуының үлкен мәселесін шешеді.Қазір біз мұндай контейнерлер орнатқан орындарда қоқыс көлемі айтарлықтай азайды», – деді Бағдат Сәрсеев.

Сондай-ақ оқыңыз