Қазақстанда қуатты циклотронды кешен пайда болады
Қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде диагностикалау, жоғары технологиялық зерттеулер жүргізу – әрбір қазақстандық үшін мұның бәрі алдағы уақытта Президенттік клиникада қолжетімді болмақ. 2022 жылы Аурухана базасында радиофармпрепараттар өндіретін циклотронды кешен ашылады. Мұнда радиоактивті препараттарды өндірумен қатар, ТМД елдерінде баламасы жоқ ПЭТ/КТ аппараты іске қосылады.
Президенттік клиникадағы циклотронды кешенде ПЭТ/КТ зерттеулер жүргізу онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға жағдай жасайды, бұл өз кезегінде емдеу тиімділігін едәуір арттырады.
Қазір Президенттік клиниканың циклотронды кешені жоқ. Ауруханаға радиоактивті препараттар сырттан жеткізіледі, бұл біршама ыңғайсыздық тудырады, себебі жеткізушілер өндірісте туындайтын түрлі мәселелерге байланысты аталған препараттарды жеткізу мерзімін кешіктіріп жатады. Циклотронды кешеннің салынуы зерттеулерді үздіксіз жүргізуге мүмкіндік бермек. Кешенде онкологиялық ауруларды диагностикалаудан бөлек, еліміздегі медицинаның кардиология және неврология саласындағы диагностикалық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мысалы, терминалды созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, эпилепсия ошағын анықтау, Альцгеймер ауруы, Паркинсон ауруы, деменция, мультижүйелік атрофия және басқа да ауруларды тексеру кезінде де қолданылатын болады. Кешен базасында 2025 жылға қарай 9 радиофармпрепарат өндіру жоспарланған.
Тексерулер қалай жүзеге асырылады? Радиоактивті препарат пациенттің көктамырына енгізіледі, дәрігер белгілі бір уақыт өткеннен кейін заманауи жабдықтың көмегімен препараттың адамның жасушалары, тіндерінде немесе мүшелерінде таралуын көреді. Заманауи компьютерлік жүйелердің көмегімен талдау үшін кескін жасайды.
Бүгінгі таңда Президенттік клиниканың Диагностика орталығының Ядролық медицина блогы – ядролық медицина саласындағы жетекші мамандардың, атап айтқанда жоғары білікті дәрігерлер, физиктер, химиктер мен медицина қызметкерлерінің тәжірибесі мен ұлт денсаулығына қызмет етуге арналған ең жаңа жоғары технологиялық жабдықтардың мүмкіндіктерін жұмылдыратын елдегі бірегей жобалардың бірі.