Қазақстан мектептерінде жаңа жылдық кештер болмайды
Жаңа жыл қарсаңында мектептерде ертеңгіліктер өтпейді. Тыйым елдегі барлық мектептерге қатысты. Бұл туралы Сенат отырысынан кейін брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Ертеңгіліктер мен басқа да бұқаралық шараларға келетін болсақ, олар мектептерде болмайды. Бас санитарлық дәрігердің шешімі бар, біз бұл шешімдерге бағынамыз, сондықтан мектептерде ертеңгіліктер, басқа да бұқаралық шаралар болмайды. Бір сынып ішінде мерекелерді өткізу туралы шешім мектеп әкімшілігі деңгейінде қабылданады», – деді Аймағамбетов.
Білім және ғылым министрлігінің басшысы коронавирустың жаңа мутациясына байланысты студенттерді қашықтықтан оқыту форматына көшіру туралы ақпаратқа да түсініктеме берді.
«Бұл туралы айтуға әлі ерте. Біз ведомствоаралық комиссияның шешімдері аясында жұмыс істейтін боламыз. Енді қорытынды шығару үшін ақпарат жеткіліксіз», – деп түсіндірді министр.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа жылдық корпоративтік мерекелерді өткізу туралы шешімді әр облыстың бас санитарлық дәрігерлері жеке қабылдайтынын айтқан болатын.