Көпбалалы аналарға жәрдемақы қашықтан тағайындалады

Жарияланды
Проактивті қызметті SMS-хабарламаға жауап беру арқылы қолдануға болады

Көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау процесі жеңілдей түсті. Енді еш жерге құжат тапсырып жүрудің қажеті жоқ. Себебі проактивті түрде, яғни қашықтан әзірлеуге мүмкіндік бар. Осы қатарда «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері де бар. Бұған дейін сынақ ретінде проактивті қызмет түрлері қосылғаны белгілі. Аталған қызмет түрі іске қосылған сәттен бері жәрдемақы алушылардың саны да артқан. Мысалы 2021 жылы үйден шықпастан жәрдемақыға өтініш берген аналар саны екі есе көбейіп, 9 мыңға жетіп жығылған. 

Ал енді жәрдемақы алу процесіне келсек. Бұрын қандай да бір жәрдемақыға өтініш беру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бару міндетті еді. Ал проактивті түрде тағайындау кезінде нөмірдің Мобайл азаматтар базасында болуы ғана сұралады. Яғни базада нөмірі бар азаматшаларға SMS-хабарламаға жауап берсе жеткілікті. Тиісінше, сол хабарламада келісімін беріп, банктегі есепшотының нөмірін жазып жіберуі керек. Егер SMS-хабарлама келсе, демек қажет құжаттың бәрі бар деген сөз. Атап айтқанда, жәрдемақы алушының жеке куәлігінің мәліметтері, егер «Алтын алқа» не «Күміс алқа» иегері болса, тағайындалуы туралы құжат, тіркелген мекенжайы, өзі бұрын көрсеткен есепшот нөмірі жайында ақпарат барын білдіреді. Бұл деректер тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден түсіп тұрады. Мұның ыңғайлы тұсы сол, келген SMS-хабарламаға жауап беру арқылы уақытты үнемдейді. Оған қоса, Халыққа қызмет көрсету орталығына дейін бару, ол жерде кезек күту, әлдебір құжатты үйде ұмытып кету сынды мәселелер де туындамайды.   

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алған немесе бұған дейін «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға ай сайын 6,4 АЕК көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Биыл жәрдемақы мөлшері 18,668,8 теңге болды. Келесі жылы АЕК мөлшері 3 063 теңгеге өсетіндіктен, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де тиісінше, артады. 2022 жылғы жәрдемақы көлемі — 19 603,2 теңге. Көпбалалы отбасыларға берілетін өзге де жеңілдіктерді айта кетсек, олар мемлекеттік тұрғын үй қорынан не жергілікті атқарушы органдардың жалға алған жеке тұрғын үй қорынан баспананы бірінші болып алуға құқылы. Сонымен бірге, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған азаматшалар көлік құралдарының, жер телімдерінің, жеке азаматтардың мүлік салығын төлеуден босатылған. Нотариус қызметін пайдаланғанда төленуі керек мемлекеттік баж салығын да төлемейді.     

Бес не одан да көп бала туған не асырап алып, оларды 8 жасқа дейін өсірген әйелдер зейнетақыға 53 жасында шығады. Әрі отбасындағы бала санына қарай жәрдемақы көлемі өзгеріп тұрады. Көпбалалы болса, ол жанұядағы әлеуметтік жағдайдың қандай болғаны маңызды емес. Бала санына байланысты төленеді. Мысалы, төртінші баласын туған аналарға берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 63 АЕК немесе 183 771 теңге. Көпбалалы аналарға төрт не одан да көп бала үшін берілетін қосымша жәрдемақы бар. Оны есептеудің жүйесі бекітілген. Яғни төрт баласы бар отбасыға — 16,03 АЕК немесе 46 760 теңге, бес баласы барларға — 20,04 АЕК немесе 58 457 теңге, алты балалы жанұяға — 24,05 АЕК немесе 70 154 теңге, жеті балалыларға — 28,06 АЕК немесе 81 852 теңге, сегізден артық болса әр балаға 4 АЕК немесе 11 668 теңгеден есептеледі. 

Еңбек сіңірген көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы түріне келсек. Бұл дегеніміз — көп мәрте құрсақ көтеріп, өзгелерге үлгі болып отырған аналардың беделін көрсету мақсатында тағайындалатын жәрдемақы. Мемлекеттік көмектің арнайы түрін алатын аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» тағайындалады. Сонымен қатар, бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға да беріледі. Жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК немесе 18 669 теңгеге тең. Бұл жәрдемақылар отбасындағы табыс мөлшерін ескерместен тағайындалады.  

Енді жанұядағы әлеуметтік жағдайдың ескерілетін кездеріне келсек. Бұған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жатады. Бұл — шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға  мемлекет тарапынан ақшалай нысандағы төлем. Шартсыз ақшалай көмек келесі тұлғаларға көрсетіледі: 

1)    Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғыз басты және (немесе) жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға мынадай себептер бойынша:
•    зейнет жасына толуына;
•    бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігіне;
•    екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруының болуына байланысты.

2) құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе барлық еңбекке жарамды отбасы мүшелері бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын және (немесе) екі айдан астам уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар, және (немесе) келесілерге күтім жасауды жүзеге асыратын аз қамтылған отбасыларға:
•    үш жасқа дейінгі балаға;
•    мүгедек балаға;
•    бірінші немесе екінші топтағы мүгедекке;
•    қарттар;
•    бөгде адамның күтімі және көмегіне мұқтаж.

Жалғыз басты немесе жалғыз тұратын аз қамтылған тұлғаларға, сондай-ақ құрамында еңбекке жарамды мүшесі (мүшелері) бар аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер жеке тұлғаларға ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда көрсетіледі.

Елімізде атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын келесі санаттағы тұлғалар ала алады:
•    ҚР азаматтары;
•    қандастар;
•    босқындар;
•    Шетелдіктер;
•    ҚР-да тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар.

«Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек туралы» заңға сәйкес, бір адамға немесе отбасына атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін отбасының әрбір мүшесі есебінен орташа жан басына шаққандағы табыс және облыстарда белгіліенген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде уәкілетті орган есептейді. Отбасының құрамы және табыстар өзгерген жағдайда тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қайтадан есептеледі. Ал өтініш беруші 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органға атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін өзгерту үшін негіз болуы мүмкін мән-жайлар туралы хабарлауға міндетті.

Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер тұлғаның жиынтық табысын анықтау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылатын құжаттардың және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі. Отбасының жиынтық табысына белгіленген уақыт кезеңі ішінде ақшалай немесе заттай нысанда алынған тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмегінен, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді іс-шараларына қатысу шеңберінде мемлекеттік қолдау іс-шараларынан басқа табыстың барлық түрлері қосылады. Әкімдіктер өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып келесілерді кіріс бермейді деп айқындауға құқылы: үй малы, құсы, жер учаскесі. Жан басына шаққандағы орташа табыс әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтінішті берген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық табысты отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу арқылы есептеледі.

Сондай-ақ оқыңыз