БЖЗҚ Halyk Bank акционерлері қатарынан шықты

Жарияланды
Арнайы жобалар редакторы
Бұл жөнінде KASE-дегі реестр жаңарған соң белгілі болды

2022 жылдың 19 қаңтарында Halyk Bank акционерлер тізімі жүйесінен үзінді-көшірмесін жариялады. Банктің ірі акционерлері қатарынан бұған дейін оның жай акцияларының 6,11%-ын иеленген БЖЗҚ шығып кеткен.  

2021 жылдың соңында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы мен күйеу баласы Динара мен Тимур Құлыбаевтың бақылауындағы Halyk Bank «845 775 546-дан аспайтын қағаз немесе айналымдағы акционерлік капиталдың 7,2%-ын сатып алу туралы» шешім шығарған. Халық банк бір акция үшін –182,1 теңге, ҒДҚ үшін – $16,78 ұсынды. Осылайша, Halyk Bank өз қағаздарын кері сатып алуға 154 млрд теңге немесе $354,8 млн жұмсауға дайын болды. 

2021 жылғы 2 желтоқсан күні Halyk Bank 3-9 желтоқсан аралығында ұйымдастырылмаған нарықта ҒДҚ сатып алуға өтінім қабылдайтыны жайлы хабарландыру жариялады. Ал 10 желтоқсан күні  ұйымдастырылған нарықта мамандандырылған сауда-саттық өтті. 

19 қаңтарда Қазақстан қор биржасының сайтында Halyk Bank акционерлерінің тізімі жаңартылды. Ірі меншік иелерінің тізімі қысқарған: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) акционерлер қатарында жоқ. Бұған дейін мемлекеттік қор банктің 6,11% жай акциялар пакетін иеленетін еді.  

Қазір  Құлыбаевтар отбасы «АЛМЭКС Холдинг тобы» АҚ-ы арқылы Халық банк бағалы қағаздарының 69,52%-на иелік етсе, ал the Bank of New York-ке банктің  (номиналды ұстаушы)  28,69% акциясы тиесілі.    

Halyk Bank – Қазақстандағы ірі банк. 2021 жылғы1 қазандағы дерек бойынша, банктің жиынтық активтері 11,3 трлн теңгеге бағаланды. Былтырғы тоғыз айдағы таза пайдасы 333,1 млрд теңгені құраған. Банк акциялары Лондон және Қазақстан қор биржаларында орналастырылған. Қазақстанда жаппай наразылық басталғалы бері, банктің ірі қор нарығындағы бағалы қағаздары арзандап жатыр. Эмитенттің LSE-дегі қағаздары 4 қаңтарда $16,86 тұрса, 19 қаңтарда $12,6-ға дейін арзандады. 

Сондай-ақ оқыңыз