Брокерлік шот ашқандардың қатары көбейіп келеді

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Қосалқы шот саны 293 мыңнан асқан

Ақпан айында Орталық депозитарий есепке алу жүйесінде тіркелген қосалқы шот саны 293 мыңнан асқан. Бұл қаңтар айындағы көрсеткіштен 30,8%-ға көп. Салыстырар болсақ, 2021 жылдың екінші жартыжылдығында қосалқы шоттар саны небәрі 18,9%-ға өскен. Олардың басым бөлігі жеке тұлғалар атына ашылған, 1 ақпаннан бері 69 мыңға көбейді, деп хабарлайды ОД баспасөз қызметі.

Қосалқы шоттар санының өсуіне жекелеген брокерлердің клиенттік базаны кеңейту бойынша атқарған жұмыстары ықпал еткен.

«Бөлшек клиенттер базасын арттыру үшін брокерлер цифрландыру құралдарын белсенді пайдаланады. Бұл құралдар клиенттерге биометриялық деректер бойынша қашықтықтан сәйкестендіру жүргізуге және оларға басқа ұйымдардың дерекқорларымен бірігудің арқасында жеке шоттарды онлайн ашуға мүмкіндік береді» деп түсіндіреді Орталық депозитарий Басқарма төрағасы Әділ Мүхамеджанов.

Жас инвесторлар қатары артып келеді

Қазақстандық бөлшек инвестордың қатары жылдам жасарып келеді. Соңғы айда 18-24 жас аралығындағы жеке тұлғалар – брокерлік шот иелерінің саны екі есе артып, бұл көрсеткіш 50 мың адамнан асты. Ақпан айында жас инвесторлардың үлесі 17,8%-ды құрады, бұл қаңтардағы көрсеткіштен 6,5%-ға артық. Кәмелетке толмаған азаматтардың атына ашылған брокерлік шоттар да бар, дегенмен олардың үлесі әлі де 0,1проценттен аспайды.

«Қазіргі кезде қазақстандық бағалы қағаздар нарығы әлдеқайда қолжетімді және заманауи технологиялармен қарыштап түрлендірілуде, мұндай әдіс нарыққа жас буынды көптеп тартады. Диджитализация процестері брокерлік шот ашу рәсімін айтарлықтай жеңілдетті. Жастардың инвестицияларға деген қызығушылығында мобильді қосымша арқылы қашықтықтан сауда жасау мүмкіндігі де маңызды рөл атқарды» дейді Әділ Мұхамеджанов.

Алайда аға буын бөлшек инвесторлар саны, керісінше, азаяды. 55 жастан асқан инвесторлар үлесі қаңтардағы 21,2%-дан ақпан айында 17,5%-ға дейін қысқарды. Абсолютті көрсеткіштерде шамалы өсім байқалады: мысалы, қосымша 3 785 адам. Бөлшек инвесторлардың ең көп үлесін бұрынғысынша 35–54 жастағы (35,8 %), одан кейін 25–34 жастағы (28,8%) топ құрайды.
Брокерлік шот иелері арасында әйелдер қатары да артты. Бүгінде олардың саны 42%-ды құрайды. Небәрі бір айдың ішінде қор нарығында әйел-инвесторлар саны 1,4 есе өсті.

Аймақтар бойынша алар болсақ, жеке тұлғалардың қосалқы шоттардың басым бөлігі республикалық маңызы бар үш қаланың екеуіне – Алматы (22,9 %) және Нұр-Сұлтан (9,2%) қаласына тиесілі. Екінші орынды астанамен Түркістан облысы бөліседі. Үшінші орыда – Қарағанды облысы (7,2 %). Бұл ретте Түркістан облысының көрсеткіші қаңтармен салыстырғанда, екі есе өскен.

Сондай-ақ оқыңыз