Ғылымды қаржыландыру өсті. Енді ғалымдарға қанша ақша төленетіні белгілі болды

Жарияланды
Дәл қазір елімізде 22 655 ғылыми кадр бар

Үкіметтің кезекті отырысында ғылымды қаржыландыру мәселесі де қаралды. Қазақстанда соңғы екі жылда республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру шамамен 2 есе өскен (2022 жылы  84 млрд теңгені құрады). Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қазір мемлекеттік қаржыны ғылыми жобаларға бөлу құзыреті ғалымдардың өздеріне берілгенін, қазақстандық ғалымдардың ғылыми жұмыстары көбейіп келе жатқанын айтты.

Үкімет басшысының пікірінше, Қазақстанның коронавирус инфекциясына қарсы өз вакцинасы бар 6 елдің қатарында болуы отандық ғылымның әлеуеті қаншалықты зор екенін көрсетеді. Пандемия кезінде бұл вакцинаны көптеген азаматтарымыз салдырды, ол басқа елдерге де жіберілген еді.

«Біз ғылымға жаңа леп әкелген өз вакцинамызды мақтан тұтамыз! Бұл – шын мәнінде біздің ғалымдарымыздың үлкен жеңісі. Отандық ғылым халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуы тиіс. Ғылым саласындағы бағдарламалық құжаттардың барлығы осыған бағытталған» деді премьер-министр.

Ғалымдарды қолдау, инфрақұрылымды дамыту, ғылымды ведомствоаралық үйлестіру жөніндегі кешенді шаралар «Цифрландыру, ғылым мен инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жобада қарастырылған. Ұлттық жобаны іске асыру ғалымдар мен олардың ғылыми жұмыстарының санын арттыруға, зерттеу институттарының жабдықтарын жаңартуға мүмкіндік береді. Өткен жылдан бері жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тағылымдамадан өтеді. Жыл сайын «Жас ғалым» жобасы аясында 1000 грант бөлінеді.

«2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыруда жекеменшік қаржы үлесін 50 пайызға дейін көбейтуіміз керек. АT, медициналық-биологиялық сала, агроөнеркәсіптік кешен, «жасыл» технологиялар, тау-кен ғылымы мен металлургияда 5 ірі ғылыми-өндірістік орталық құрылады» деді Смайылов.

Ғылым қоры өз жұмысын ғылыми ортаның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға бағыттауы тиіс.  Осыған орай Смайылов Білім және ғылым министрлігіне биылғы 30 сәуірге дейін Қазақстан ғылымын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының қабылдауды тапсырды. 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, дәл қазір елімізде 22 655 ғылыми кадр бар. Олардың 36 пайызы 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар екен. Тағы 39 пайызы – орта жастағылар, яғни айтарлықтай деңгейдегі әлеуеті бар ғалымдар.

«Алайда ғалымдардың жалпы санын алсақ, бір миллион адамға шаққанда тек 1172 ғалым бар. Бұл, өз кезегінде, қаржыландыруға байланысты. Әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру кем дегенде жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы көлемінде болуы керектігі айтылады және оның басым бөлігі жеке инвестициялардан қалыптасуы тиіс» деп мәлімдеді Білім және ғылым министрі.

Қазір ведомство алдында тұрған негізгі міндеттер:

  • 2025 жылға дейін ғылыми кадр әлеуетін арттыру;
  • Ғалымдар санын 1,5 есеге көбейту;
  • Оңтайлы ғылыми экожүйені қалыптастыру;
  • Ғылымның экономикаға үлесін арттырып, өнеркәсіппен байланыстыру және ғылымды басқаруды жетілдіру. 

«Ғылыми кадрлар әлеуетінің төмендеуі ғалымдардың жалақысына байланысты болды. Ғалымдарда тұрақты жалақы болмады. Жалақы үш жылда бір рет өткізілген конкурстарда жеңіске жеткен жағдайда ғана төленетін» деді Аймағамбетов ахуалдан хабардар етіп.

Ал ұлттық сипаттағы іргелі зерттеулермен, яғни тілге, әдебиетке, тарихқа, мәдениетке, философияға қатысты зерттеулермен айналысатын институттардың жағдайы мүлде қиын болды. Қабылданған шаралардың арқасында енді 4 мыңнан астам ғалым тұрақты және лайықты жалақы алмақ.   

«Егер 2020 жылы ғалымдардың орташа жалақысы 152 мың теңгені немесе нарықтағы орташа жалақының 72 пайызын құраса, 2022 жылы төменгі жалақы 257 мың теңгеден басталатын болды. Ғалымдарды ыңталандыру үшін 2021 жылдан бастап 6 млн теңге мөлшерінде жыл сайынғы 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын да бере бастадық» деді министр.

Министрдің айтуынша, жалпы ғылымды қаржыландыру жүйесі түбегейлі өзгерген. Министр өзгеріске негіз болған төрт факторды былай жіктейді:

  • Біріншіден, ғылымды қаржыландыру көлемі 70 пайызға өсті;
  • Екіншіден, конкурстар бұрын үш жылда бір рет жарияланса, енді жыл сайын өткізілетін болды;
  • Үшіншіден, біз гранттардың жаңа түрлерін енгіздік – жас ғалымдарға, коллаборацияға, қысқа мерзімді және жеке гранттар;
  • Төртіншіден, нысаналы қаржыландыру тек қана нақты ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бөлінетін болды.

Оған қоса, ғылымды қаржыландыру мерзімі бұрынғы 3 жылдан 5 жылға дейін ұзартылған. ҚР БҒМ ұлттық ғылыми кеңестерінің қызметін реформалау аясында олардың жұмыс форматы толығымен қайта өңделіп, өзгертілді. Біріншіден, кеңес отырыстары енді ашық тікелей эфирде өткізіліп, ал шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданатын болды. 

Екіншіден, кеңестер құрамын қалыптастыру тәртібі енгізілді. Осылайша кеңестер құрамына ғылыми өлшем көрсеткіштеріне сай мықты ғалымдар кірді. Кеңес мүшелерінің Этикалық кодексі қабылданды. Кеңес шешімдерінің объективтілігі мен негізділігін одан әрі арттыруға бағытталған Апелляциялық комиссия институты еңгізілді. 

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов тағы бір оң өзгерістің конкурстық рәсімдерді  жеңілдету екенін айтты. Бұрын конкурстық рәсімдер 6 айға созылатын, бүгін олардың мерзімі 2 есе қысқартылды. Конкурстық құжаттаманың көлемі 2,5 есе азайтылды. Конкурстық өтінімді қайта өңдеуге қосымша 3 күн берілді. Сараптама мерзімі 2 есе қысқарды. Ғалымдарға толық қаржылық дербестік берілді. 

«Тағы бір өте маңызды бастама, бюджет арқылы өтетін зерттеулер туралы толық ақпарат интернетте ашық беріле бастады. Яғни бөлінген қаражат сомасы, есептері мен нәтижелері туралы ақпарат енді қоғамға қолжетімді» деді ведомство басшысы. 

Жас ғалымдардың ғылымда аз қалуы себепті, министрлік постдокторантураны енгізе бастады. Енді  жыл сайын докторантураны бітірген мың жас ғалым постдокторантураға барып,  зерттеу жұмысымен айналысып, 3 жыл бойы 500 мың теңге жалықы алып отыруға мүмкіндік алды. Осының арқасында отандық ғылымға жыл сайын 1000 жас ғалым келіп қосылады деген үміт бар.


Білім және ғылым министрлігі докторантураға түсу үшін гранттар санын көбейтті, талаптар күшейтілді, олардың стипендиясы 82 мыңнан 195 мың теңгеге дейін өсті. Докторанттардың диссертация қорғау талаптары да күшейтілді. Енді әр диссертация онлайн форматта қорғалады, диссертацияның мәтіні интернет ресурстарда жарияланады.

«Ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру – басты бағыттардың бірі. Бүгінде біраз ғылыми жобалар коммерциализация арқылы нарыққа шығып, экономикамыз үшін жұмыс істеуде. Біріншіден, коммерцияландырудың нәтижесінде инновациялық өнімдерді сатудан түскен табыс 16,3 млрд теңгені құрады. Екіншіден, төленген салық көлемі – 5,2 млрд теңге. Үшіншіден, 1400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Төртіншіден, ғалымдардың табысы 338 млн теңгені құрады. 120-дан астам жоба сату кезеңіне жетті. Жобалардың экспорт көлемі 346,7 млн теңгені құрады» деп түйіндеді Аймағамбетов.

Сондай-ақ оқыңыз