Адамзат тарихындағы өрескел қаржылық қателер

Жарияланды
Қаржы әлемінің қызығы көп

Қаржы нарығы – қатпары қалың, кез келген адам ә дегенде түсіне кетпейтін, өзіне тән, тар шеңберде ғана дамып жатқандай көрінетін әлемі бар, өзгеше сала. Сату, сатып алу, пайыз, маржа, облигация, биржа терминдерін жалпылай білгенімізбен, әрбіріміз терең бойлап бара бермейміз. Ал осы әлемге үңілер болсақ, жалықпай қаузасақ, талай қызықты суырып шығаруға болады.

PaySpace Magazine интернет-порталы тарихта болған қаржылық қателерді тізбелеп шығыпты. Кейбір қателіктің өтеуі миллиондаған доллармен шектелсе, кей қатенің құны миллиардқа бір-ақ шығады.

Рональд Уэйн

Әлемге әйгілі Apple компаниясын құрып, аяқтан тұрғызуда Стив Джобс және Стив Вознякпен қатар Рональд Уэйннің де еңбегі зор болды. Келешекке күмәнмен қараған Уэйн компанияны құрғаннан кейін 11 күннен соң өзінің компаниядағы үлесін небәрі 800 долларға сатып жібереді. Ал егер ол өз акцияларын сақтап қалғанда байлығы қазір 31 млрд доллардан асып түсер еді.

Кейін Уэйн өзінің бұл шешіміне өкінбейтінін айтқан. Ол бұрын да бизнес бастап, онысы сәтсіз аяқталған екен. Сол сәтсіз тәжірибе Apple компаниясын құру кезінде де алдан шыға ма деген күмән болған секілді. «Оның үстіне мен ол кезде тым жас емес едім, ал Джобс пен Возняк жас болды, энергиялары тасып тұрды» дейді Уэйн. 

Тосихидэ Игучи

Daiwa компаниясының Нью-Йорк қаласындағы бөлімшесінің атқарушы вице-президенті Тосихидэ Игучи 1983 жылы АҚШ мемлекеттік облигациялары бойынша ставкасын өтей алмағаннан кейін 70 000 долларлық қарызды 1,1 миллиард доллар шығынға айналдырды.  Игучи қаржылық операцияларға өзі жауапты болғандықтан жапондық бас кеңседен жасырып, 11 жыл бойы 30 мыңға жуық рұқсат етілмеген мәмілелер жасап келген. Банк Daiwa-ның АҚШ территориясында операция жүргізуіне тыйым салуға әкеліп соққан істі жауып тастауға әрекет жасады. Айыпталушы төрт жылға бас бостандығынан айырылып, 2 млн доллар айыппұл төлеуге міндеттелген.

Ник Лисон

Бір адамның бүтіндей бір қаржы мекемесін құлдыратуға ұшыратуы өте сирек кездеседі. Трейдер Ник Лисон 90-жылдары Біріккен Корольдіктегі Barings Bank инвестициялық банкін жалғыз өзі тақырға отырғызған. 1762 жылы құрылған бұл банк Ұлыбританиядағы ең беделді қаржы институты саналады және оған Елизавета ханшайымның өзі сенім білдіріп, оның атынан инвестициялық сауда жүргізуге рұқсат еткен. 1992 жылы ол Сингапур валюта биржасындағы бас менеджер лауазымына тағайындалады. Әрі бас менеджер, әрі трейдер. 1993 жылы ол банкке 8,83 млн фунт стерлинг табыс әкеліп, өзінің айлық табысы 130 мың фунт стерлингке жетеді. БАҚ атаулы оның «данышпандығын» жарыса жазады.

Оның рұқсат етілмеген алыпсатарлық саудасы басында табысты жүрген, бірақ уақыт өте келе жағдай қиын жағына қарай өзгере береді де, шығын 190 млн фунт стерлингтен асып кетеді. Ол түскен табысты өз атына, ал шығынды «88888» деп аталатын ішкі шотқа жіберіп отырады. Мұның бәрін жымын білдірмей істеу үшін 26 жастағы трейдер құжат айналымын өте сауатты жүргізіп, Лондондағы менеджерлердің де басын айналдырған. Ақыры бұл іс әшкере болып, ол 6 жылға бас бостандығынан айырылады.

Mars Climate Orbiter

NASA (ғарыш кеңістігін зерттеу және аэронавтика бойынша ұлттық басқарма) Марстағы климатты зерттеуге арналған Mars Climate Orbiter орбиталық аппаратын жасап шығу үшін 100 мың долларға жуық ақша жұмсаған. Алайда болмашы математикалық қателік аппаратпен байланысты жоғалтады. Аппарат ақыры 1999 жылы жойылып кетті.

Аляска

XIX ғасырдың соңында орыс императоры Александр II Аляскаға шексіз мұз жамылғысы бар өлке ретінде қарағысы келмейтін пиғылы бар екенін білдіреді. Құрама Штаттар Алясканы күшпен тартып алады деп қорыққан ол ауқымды территорияны 1867 жылы 7,2 млн долларға сату туралы шешім қабылдайды. Ол кезде валюта курсы тұрғысынан аса бір ұтылыс болмағанымен, өлкені сату арқылы Ресейдің табиғи ресурсқа толы бай өлкеден (сәйкесінше миллиардтаған доллардан) айырылып қалғандығы нағыз жеңіліс еді.

Xerox

1970 жылдары Xerox технологиялық фирмасы тышқанның көмегімен басқаруға болатын дербес компьютерлер жасап шығара бастайды. Алайда фирма ол компьютерлерді сол күйі сатылымға шығармаған. Шамамен он жылдан соң Xerox Стив Джобс пен Apple Inc-тің өзге де қызметкерлерін өз ғылыми-зерттеу орталығына шақырып, өтеуіне Apple-дің 1 млн долларлық акциясын сұрайды. Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеу керегін білген Джобс пен оның қызметкерлері идеяны дер кезінде пайдаланып, кейін компьютерлерді өз өнімі ретінде нарыққа шығарады. Ал сатқан акциясы қазір 11 млрд долларға бағаланады екен. Ал Mac өндірушісінің нарықтық капиталы 446 млрд долларға бағаланады.

Mizuho Securities

2003 жылы жапониялық Mizuho Securities инвестициялық банкі Jupiter Telecommunications-тің бір акциясын 610 000 иенге (шамамен 4 мың доллар) сатқысы келеді. Алайда трейдердің қателігінен небәрі бір иенге 610 000 акция қолжетімді болып шыға келеді. Акция санының тым көптігіне қарамастан, компанияда шынымен де осыншама акция бар болып шыққан және қор биржасы сатылымды тоқтатпайды. Қателік салдарынан компания бір-ақ сәтте 225 млн доллар шығынға батады.

Сондай-ақ оқыңыз