Үлескер тұрғын үйдің салынып бітетініне сенімді болуы үшін нені ескеруі қажет?

Жарияланды (жаңартылды )
Тұрғын үй құрылысы аяқталатынына кепілдік қалай беріледі

Алматыда жастарды баспанамен қамтуға бағытталған «Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылдау басталды. Бағдарлама бойынша өтінім берушілер жаңа пәтер, екінші нарықтағы пәтер мен салынып жатқан тұрғын үйден пәтер ала алады. Алайда құрылыс жүріп жатқан тұрғын үйдің «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдігі болуы шарт. Осы орайда тұрғын үй компаниясының кепілдігі деген не, үлескердің қандай заңды құқығы барын Kursiv Media материалынан оқыңыз.

Жыл сайын елімізде көптеген тұрғын үй салынады, оның ішінде бір бөлігі үлескерлердің қаражаты арқылы бой көтереді. Осы орайда құрылысқа үлескер болып, пәтерді сатып алу барысында мәселе туындамауы заңнамамен реттелген. 2016 жылы үлескерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау үшін «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң қолданысқа енгізілді. Заңға сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырудың үш тәсілі бар. Олар:

1. бірыңғай оператордан кепілдік алу.

2. екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы.

3. көппәтерлі тұрғын үй қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.

Бірыңғай оператордың функциясын «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ орындайды, оның негізгі міндеті тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру жүйесінің тұрақты және тиімді жұмысын қамтамасыз ету. Сондай-ақ тұрғын үй құрылысын қаржыландыру және инвестициялық жобаларды іске асыру, тұрғын үй құрылысының аяқталуына кепілдік берумен айналысады. Демек, белгілі бір тұрғын үйдің салынып бітетініне кепілдік береді. Компания кепілдік беру басталған кезде үлескерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғайды.

Тұрғын үй компаниясының кепілдігі құрылыстың толық аяқталатынына сенімді болу үшін қажет. Ол үшін кепілдік беру және үлескерлердің қаражатын тарту үшін құрылыс салушы және уәкілетті компания бірыңғай операторға тұрғын үй құрылысының жобасы бойынша құжаттар пакеті мен өтінім жібереді. Содан кейін құжаттардың талапқа сәйкес-сәйкес емесі тексерілген соң бірыңғай оператор осы жоба бойынша кепілдік беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Егер кепілдікті беру туралы шешім қабылданса, бірыңғай оператор, құрылыс салушы және уәкілетті компания арасында кепілдік беру туралы үшжақты шарт жасалады. Ол құрылыс салушының жергілікті атқарушы органнан, яғни әкімдіктен рұқсат алмай-ақ үлескерлердің ақшасын тарта алады. Демек, кепілдік беру туралы шешім қабылданғаннан кейін құрылысты жүргізетін компания салынып жатқан үйдегі үлестерін сатуға құқылы. Ал әрбір шарт міндетті түрде әкімдікте тіркеледі.

«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ құрылыс барысын үздіксіз бақылап отырады. Оның ішінде нысанның белгіленген уақытта салынуын, құрылыс сапасына бақылау жүргізеді.

Құрылысты жүргізуші нысанды салып бітіре алмаған жағдайда, оның ішінде нысанды уақытында қолданысқа өткізе алмаса, үлескерлердің ақшасын талан-таражға салса, құрылыс жүргізушісі банкрот болса, үлескерлерге үлестерін толық бергенге дейін құрылысты аяқтауды акционерлік қоғам мойнына алады.

Ал белгілі бір құрылыс салушының Қазақстан тұрғын үй компаниясында кепілдік беру туралы құжатының бар-жоғын тексеру кезінде оның құрылыс компаниясына емес, белгілі бір құрылыс нысанына берілетінін ескерген жөн. Демек, компанияның басқа нысанды салу кезінде үлескерлерді тартуға құқығының барын растайтын құжатқа сүйеніп басқа құрылыс нысанындағы пәтерлерді сата алмайды. Көппәтерлі тұрғын үйді салатын компания ұсынған құжатта Қазақстан тұрғын үй компаниясының мөрі мен төрағасының қолы болуы қажет.

Сертификатты тексеру үшін Қазақстан тұрғын үй компаниясының сайтында кепілдік берілген нысандар тізімін көруге болады.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңның 22-бабына сәйкес, құрылысты жүргізетін компания бірнеше құжат ұсынуы қажет:

  • құрылыс салушының және уәкілетті компанияның атауы мен заңды мекенжайы;
  • мемлекеттік тіркеуді растайтын анықтама;
  • бірыңғай оператормен жасасқан кепілдік беру туралы шарты;
  • құрылыс салушы өткізген көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысының жобасы;
  • компанияның жер учаскесіне тиісті құқығын растайтын құжатын мемлекеттік және орыс тілінде ұсынады.

Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы ақпарат беріп, нысанның орналасқан жерін көрсетеді. Құрылыс жұмысы қашан аяқталатыны туралы ақпарат береді.

Компания өз сайтында айына кем дегенде бір рет құрылыс жұмысының фотосын жариялап отыруға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз