Impact-investing деген не?

Жарияланды (жаңартылды )
Болашақтың инвестициясы қандай болады?

Әлем экономикасында күн сайын жаңа тренд, жаңа терминдер пайда болып жатады. Сондай бір жаңа құбылыс жайлы бүгінгі материалымызда айтқымыз келіп отыр. Ол — impact-investing немесе импакт-инвестиция. Бұған қатысты қатып қалған бір анықтама жоқ. Әйтсе де, ықпал ететін инвестициялар дегенге саяды. Кейде әлеуметтік инвестициялар деп те атайды. Әркім әртүрлі аударып, түрлі тәржіма ұсынғанымен, мәні сол — инвестицияның басты мақсаты табыс табу емес, әлеуметтік ықпалға ие болу. ТМД төңірегінде кейінгі жылдары ғана ене бастағандықтан, импакт-инвестицияларды қайырымдылық немесе мемлекет жобаларымен шатастыратындар бар. Ал енді дамыған АҚШ не Еуропа елдерінде бұл трендтің белең алғанына біраз болған. Сәйкесінше, бұл салада жасалған зерттеу де шаш етектен.

Бұл тренд кәсіпкерлерді несімен тартады?

Импакт-инвестициялар қоғамның не қоршаған ортаның түйткілдерін шешуге тікелей бағытталады. Яғни осы мақсатта кәсіпкерлердің жобалары жүзеге асырылады. Аталған терминнің алғаш қолданысқа енген уақыты деп 2007 жылды айтады. Авторы — инвесторлар мен кәсіпкерлерді қоғам мен экология мәселелеріне баса назар аударып, оларды шешуге шақырған The Rockefeller Foundation қоры. Бір айта кететіні — импакт-инвестициялар кәдімгі кәсіпорындар қалай табысқа ұмтылып, пайда тапса, дәл солай пайдаға кенелуі шарт. 

Былтыр тамызда Американың 181 ірі компаниясы бірлесіп, америкалықтардың игілігі үшін жұмыс істеуге келісім жасасты. Яғни ол құжатта акционерлер бұрынғыдай өз табысын арттыруды ғана ойламайтын болып мәмілеге келген. Әрине, бизнес жүрген жерде табыс бірінші орында тұрады. Десе де, импакт-инвестиция аясында олар әрі табыс тауып, әрі қоғам игілігі үшін пайдалы іс атқарады. Аталған құжатқа әр түрлі саланың көшбасшылары қол қойған. Олардың ішінде баршамызға белгілі Amazon, American Express, Apple, Accenture, Caterpillar, Coca-Cola, Citigroup, Deloitte, Ford Motor, IBM, Jacobs сынды корпорациялар бар. Бұлар Америкада ғана емес, күллі әлемде көш бастап тұр. Осылайша беделді кәсіпкерлер бастап берген тренд біртіндеп ауқымын кеңейтіп келе жатыр.

Бұл дегеніміз алдағы уақытта әлеуметтік саладағы стартаптарға басымдық берілетінін білдіреді. Яғни егер қандай да бір идеяңыз болса, қолдау табу ықтималы жоғары. Осы мақсатта батыс нарығына кіріп не халықаралық инвестор да тауып ала аласыз. Сол секілді экологиялық мәселелерді де шешу жолдарын ұсынуға болады. Ал енді жұмыс істеп тұрған компаниялар болса, процестеріне аудит жүргізіп, әлеуметтік бағытын нақтылап, күшейтетін кез туды деген сөз.   

Бұрынғы басқару концепцияларын қарасақ, «алдымен өз пайдаң, сосын барып қоғамға тигізетін пайдаң» ұстанымы болатын. Бүгін айтып отырған заманауи тренд оны ығыстырып жіберуі әбден мүмкін. Өйткені бизнеске әлеуметке пайда тигізетін тұрғыдан қараса, біраз қауіп-қатердің алдын алуға болады. Одан қала берді тұтынушылардың жаңа ықпалды сегменттері тағы бар. Олай дейтін себебіміз — миллениалдар мен олардың ізінен еріп келе жатқан топтар қазір басқаша ойлайды. Мысалы сатып алатын тауары не қызметін таңдағанда оларда әдеп шарттарының сақталуына баса назар аударады. Жұмыс орнын таңдағанда да солай. Кәсіпкерлер көзқарасы тұрғысынан алып қарайтын болсақ, әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешу арқылы да әжептәуір табыс табуға болады. Әрі бұған дейін мұндай проблемалар қайырымдылық мақсатында берілген қаражат есебінен шешімін тауып келген болса, енді ол тренд ескірді деседі. Демек заманауи инвесторлар әрі қоғамға ықпал етіп, әрі табыс тауып бір оқпен екі қоянды атып алмақшы.   

Әрі пайда, әрі пайдалы

Global Impact Investing Network (GIIN)  коммерциялық емес ұйымы 2018 жылдың соңында жариялаған зерттеуінде әлемдік импакт-инвестиция нарығын 502 млрд долларға бағалаған. Әлем бойынша 1340 ұйымның инвестициясы есепке алынған. Оның ішінде басқарушы компаниялар, венчур фирмалары, private equity қорлары және т.б бар. Олардың көпшілігінің штаб-пәтерлері АҚШ пен Канадада екен. Ал енді араға бір жыл салып, 2019 жылдың маусымында жаңа зерттеу жүргізген кезде бұл нарықтың ауқымы кеңейіп жатқаны байқалған. Келісімдер көлемі де артқан. Нарық қатысушыларынан алынған сауалнама нәтижесіне қарасақ, олар аталған көлемді әлі 13 пайызға арттыруды көздеп отыр. 

Ықпалы қалай есептеледі?

Бастама іске асырылған соң, оның әлеуметтік ықпалы да есептелуі шарт. Инвесторлар өз инвестицияларының қаржылық нәтижесі мен көрсеткіштерін қалай анықтап отырады? Ол үшін ROI (return on investment) көрсеткіштері қолданылады. Мұндай инвестициялардың орташа көрсеткіштері консерватив қаржылық портфельдер деңгейінде —  5-7% шамасында болады. Атауының өзінде ықпал сөзі болғандықтан, ықпалы да есептелуі керек екені белгілі. Импакт-инвестициялардың басты критерийлерінің бірі болғандықтан, бұл ретте жұмыс орындары санының артуы немесе еңбек шартының өзгеруі арқылы көрініс табады. Жаңа сала болса да, бүгінде басқарушы портфельдерге көмектесетін автоматтандырылған аналитикалық жүйелер бар. Бастапқыда көбі Excel кестесіне салып жүрген екен. Қазір жаңа жүйелер шығып жатыр. Ал енді қазіргі таңда бағалаудың да неше түрі бар.

Импакт-инвестициялар қай салаларға көбірек бөлініп жатыр?

2020 жылы GIIN тағы бір зерттеу жүргізеді. Ол жерде 266 инвесторға сауалнама жолдап, нәтижесінде салымдардың басым бөлігі қандай салаларға кетіп жатқанын анықтаған. Назарыңызға ұсынамыз:

  • 58% – азық-түлік және ауыл шаруашылығы;
  • 50% – коммерциялық жылжымайтын мүлік, бөлшек сауда, қауымдастықтарды дамытуға, көпсалалық бөліске;
  • 47% – энергетика;
  • 42% – денсаулық сақтау саласы;
  • 40% – қаржылық қызметтер;
  • 40% – білім саласы;
  • 39% – құрылыс саласы;
  • 31% – шағын қаржыландыруға.

Дамыту үшін не істеу керек?

  • Бизнес-қауымдастықтар мен тұрғындар импакт-инвестиция туралы көбірек біліп, естуі керек;
  • Әлеуметтік әділдік пен бизнестің экономикалық тиімділігі арасында баланс орнатуға тырысу;
  • Компаниялардың ашықтығы қажет;
  • Осы бағытты дамытып жүрген компаниялар мен қорлар арасында жалпыама түсініктер базасын құру;
  • Мемлекет осы бағытқа үлкен қолдау білдіруі қажет. 
Сондай-ақ оқыңыз