«Несиені БЖЗҚ есебінен жабуға бола ма?» БЖЗҚ туралы ең өзекті сұрақтардың жауабы

Жарияланды (жаңартылды )
Жеке зейнетақы шоттарында жинақталған ақша салымшының (алушының) меншігі

Елімізде зейнетақы жүйесі өзгерген сайын туындайтын сұрақтар да көбейе бермек. Осы орайда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) жұмысына қатысты ең таңдаулы деген сұрақтардың жауабын оқырман назарына ұсынбақпыз.

СҰРАҚ: Мен тұтынушылық несие бойынша төлемнің мерзімін өткізіп алдым, енді сот болайын деп жатыр. Сот орындаушылары берешегімнің орнын толтыру үшін менің зейнетақы жинақтарымды БЖЗҚ-дан ала ала ма? Мұндай жағдайда болашақта зейнетақысыз қаламын ба?

ЖАУАП: ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабының 3-тармағына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе ақша өндіріп алуға жол берілмейді. Сондай-ақ, ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 98-бабы, 14) тармақшасына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтары – өндіріп алуға болмайтын қаражат сомасына жатады.

Осылайша, сіздің жеке зейнетақы шотыңыздағы зейнетақы жинақтарын сот орындаушысының немесе кез-келген үшінші тұлғаның өндіріп алуы мүмкін емес.

СҰРАҚ: Менің жұбайым шетел азаматы, алайда қазақстандық компанияда жұмыс істейді, әрі БЖЗҚ-ға үнемі зейнетақы аударымдарын жүргізіп отырады. Қазір оның шотында жинақталған сома жеткіліктіліктің жаңа шегінен асып түсетін мөлшерде, осы құқықты ол пайдалана ала ма?

ЖАУАП: ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер, егер заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда зейнетақымен қамсыздандырылу құқығын пайдаланады.

ҚР «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңының 1-бабы 14) тармақшасына сәйкес, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты – шетел азаматының Қазақстан Республикасының аумағында жеке басын куәландыратын және оның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алғанын растайтын құжат.

Осылайша, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында, сондай-ақ, заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес, инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру үшін зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға құқылы.

СҰРАҚ: Сәлеметсіз бе! Тұрақты жалақысы бар жұмыссыз жүргеніме осымен үш ай болды. Соның салдарынан, осы кезең ішінде БЖЗҚ-ға аударым жасаған жоқпын. Бұған дейін тұрақты жалақы алып тұрғанда, Қордағы менің шотымда аздаған сома жинақталған еді. Енді Қордағы жинақтарым «күйіп кетуі» мүмкін бе? Соны білсем деп едім.

ЖАУАП: Қордағы зейнетақы жинақтарыңыз мөлшеріне қарамастан сіздің меншігіңіз, әрі жеке зейнетақы шотыңызда (бұдан әрі – ЖЗШ) зейнет жасына жеткенше немесе қандай да бір себептермен оларды төлегенше сақталады. ЖЗШ-дағы ақша БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталатынын және оның нақты қолданылу мерзімі жоқ екенін қаперден шығармау керек.

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 5-бабына сәйкес, мемлекет алушыларға БЖЗҚ-дағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (бұдан әрі-МЗЖ, МКЗЖ) тұлғалардың Заңда белгіленген зейнет жасына жеткен сәттегі, сондай-ақ, зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда белгіленген зейнеткерлік жасқа толған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, іс жүзінде енгізілген МЗЖ, МКЗЖ мөлшерінде сақталуына Қазақстан Республикасының Заңында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған жағдайларда және тәртіппен кепілдік береді.

Бұдан басқа, ЖЗШ-ға түсетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚРҰБ) түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. ҚРҰБ зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне, БЖЗҚ инвестициялық декларациясына, инвестициялау шегіне сәйкес инвестициялайды.

Зейнетақы активтерін инвестициялаудың мақсаты – зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз ету және зейнетақы активтері құнының ықтималдық дәрежесінің жоғары деңгейде сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тәуекел деңгейі кезінде ұзақ мерзімді басымдықта нақты кірістілік алу.

СҰРАҚ: Мен қазір мобильді қосымша арқылы жолаушы тасумен айналысамын, әрі ешқандай зейнетақы төлемдерін аударып жүрген жоқпын. Өз бетімше міндетті зейнетақы жарналарын аудара аламын ба?

ЖАУАП: ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 24-бабы 7-тармағының 8-тармақшасына сәйкес, ұсталған (есептелген) МЗЖ-ны бірыңғай жиынтық төлемді (бұдан әрі – БЖТ) төлеушілер болып табылатын жеке тұлғалар Мемлекеттік корпорацияға аударады.

Осылайша, өз пайдаңызға БЖТ төлей аласыз. Ол бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың қызметін тіркеудің оңтайландырылған тәртібін көздейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе тәуелсіз жұмыскерлер – бұл тауар өндіру (сату) бойынша өз қызметін, жұмысы мен қызмет түрін мемлекеттік тіркеусіз табыс алу мақсатында өз бетінше жүзеге асыратын жеке тұлғалар. Осы санатқа жеке кәсіпкерлер (ЖК), жеке тәжірибемен (ЖТ) айналысатын тұлғалар, акционерлік қоғам акционерлері (қатысушы), шаруашылық серіктестік құрылтайшылары (қатысушы), өндірістік кооператив мүшелері жатпайды. Басқаша айтқанда, бұлар жұмыс берушімен арада ресми түрде қол қойылған еңбек шартынсыз нәпақасын тауып жүрген азаматтар.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғаларға БЖТ төлеу:

  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуға,
  • МЗЖ төлеуге және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы төлемін алуға,
  • еңбек ету қабілетінен айырылған, жұмысынан айырылған, асыраушысынан айырылған, жүктілік және босану, бала асырап алған, бала бір жасқа толғанша бала күтімі жағдайларында әлеуметтік төлемдер алуға құқық береді.

СҰРАҚ: Менің әжем қомақты зейнетақы алғанымен жартысына жуығын жерлеу рәсіміне жинап жүр. Осылайша өз қажеттіліктеріне, демалуға ақша жұмсаудан тартынады. Себебі, дүниеден озса туыстарына жерлеу үшін зейнетақы жинақтарын Қордың төлеп беретініне сенбейді. Бұл қаншалықты рас?

ЖАУАП: Жеке зейнетақы шоттарында жинақталған ақша салымшының (алушының) меншігі және ол қайтыс болған жағдайда да БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталады.

ҚР «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабы 5-тармағының ережелеріне сәйкес, алушы, сондай-ақ, зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлейтін адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген, бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан аспайтын айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған біржолғы төлемді төлейді.

Сондай-ақ оқыңыз