Ұлттық экономика министрі артық шығынды қысқартып, үнемге көшуге шақырды

Жарияланды (жаңартылды )
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Азық түлік ай сайын қымбаттап жатыр

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қазақстандықтарға ай сайынғы шығынды уақытша азайтуға кеңес берді.

«Мүмкіндігінше бюджетті есептеп,  артық шығынды қысқарту керек. Бұндай кезеңдерді бастан өткергенбіз. Қазір инфляция шарықтау шегінде емеспіз, шарықтау шегі 2015-2016 жылдары өтіп кеткен. Дегенмен, соңғы 2-3 айдағымен салыстырғанда, қазір біршама тұрақтануы керек. Тек күте тұру керек» деді ол.

Сонымен қатар министр азық-түлік бағасының қымбаттауы  жаһандық проблема екенін айтып өтті.

«Өкінішке қарай, бұл – жаһандық проблема. Егер статистикаға  көз салсаңыз,  бұл  пандемия кезінде Батыс елдері, АҚШ, Ресей, Орталық Азия, бүкіл мемлекеттерде басталған жеткізу тізбегіндегі үзілістерден туындаған жаһандық мәселе » деді ол.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтардың жалақысының өсімі баяулайтынын мәлімдеген болатын. ҰСБ мәліметі бойынша, 2022 жылдың қаңтарында орташа айлық жалақы 296 149 теңгені құраған. Қуантыров халық табысының құрылымында еңбек қызметінен түскен табыстың төмендеп, әлеуметтік аударымдардан түсетін кіріс артқанын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз