«Бәйтерек» холдингінің топ-менеджерлері 2021 жылы қанша табыс тапты?

Жарияланды
Ұлттық холдинг басшылыққа төленген бүкіл жалақы мен сыйақы сомасын жариялады

2021 жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңесі мен басқарма мүшелеріне салық пен әлеуметтік жарналарды қоса алғанда, жалпы сомасы 684,4 млн болатын жалақы пен сыйақы төленген.  Бұл туралы KASE-де жарияланған құжатта жазылған.

 Сондай-ақ, атқарушы орган (басқарма – ред.) мүшелеріне 2022 жылы 292,4 миллион теңге төленгені көрсетілген.

 «Бұл сома салық төлегенге дейін көрсетілген және лауазымдық жалақы, 2021 жылдың соңында төленген сыйақы мен мерекелік сыйлықақыны қамтиды», делінген хабарламада.

Айта кету керек, ұлттық холдингтің басқарушы органы – директорлар кеңесі, ал атқарушы органы – басқарма. Директорлар кеңесі тәуекелдерді басқаруды бақылау жүйесі мен корпоративті басқару жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне жауапты. Директорлар кеңесі тәуекелдерді басқаруға қатысты міндеттерді анықтап, құжаттарды бекітеді.

Холдинг басқармасы корпоративті саясат талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тәуекелдерді басқару тиімді жүйесі мен бақылау құрылымын құруға жауапты. Басқарма тиісті комитеттер құру арқылы тәуекелдерді басқару саласындағы өз функцияларын орындауға уәкілетті.

Холдинг сайтында директорлар кеңесі он адамнан тұратыны жазылған. Оның құрамында: Әлихан Смайылов, Роман Скляр, Тимур Сүлейменов, Ерұлан Жамаубаев, Әлібек Қуантыров, Қайырбек Өскенбаев, Ербол Қарашүкеев, Манголд Клаус, Филипп Йео, Томас Миров бар. «Бәйтеректің» басқарма құрамына: төраға – Қанат Шарлапаев, орынбасарлары – Нұрболат Айдапкелов, Әділ Мұхамеджанов, Ерсайын Хамитов кіреді.

Компанияның 2021 жылға арналған шоғырландырылған қаржылық есебіне сәйкес, ұлттық холдингтің активтері бір жылда 6,8 трлн теңгеден 9,8 трлн теңгеге дейін өскен. Міндеттемелер 5,4 трлн теңгеден 8,2 трлн теңгеге дейін жетке. Есепте меншікті капитал да 1,4 трлн теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін өскені жазылған. 2021 жылғы таза пайда 110 млрд теңгені құрады. 2020 жылы ол 73,7 млрд теңге деңгейінде болған.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ – кәсіпкерлікті қолдау мақсатында құрылған даму институты. Ұлттық холдингтің негізгі міндеттері: экономиканың шикізаттық емес секторларын, кәсіпкерлікті дамыту, шикізаттық емес өнім экспортын қолдау, АӨК-дегі қаржыландырудың қолжетімділігін, өндірісті техникалық жарақтандыру және қарқындату деңгейін арттыру, экономиканың урбанидалуын қолдау. «Бәйтеректің» сегіз еншілес кәсіпорны бар. Ұлттық холдинг акцияларының 100%-ы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы мемлекетке тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз