Қостанайдағы өрт астық алқаптарын шарпыды ма? Қанша банк кешірім жасайды?

Жарияланды
Тілсіз жаумен күрес әлі жалғасып жатыр

Қостанай облысында 2 қыркүйекте тұтанған өрт әлі толық басылған жоқ. Өртті сөндіруге 159 техника бірлігі, 5 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамның 1332 адамы жұмылдырылған. Аманқарағай, Лесное және Озерное елдімекендерінде өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда. Елдімекендерден 1841 адам эвакуацияланған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қарасу ауданының Люблинка ауылында және Әулиекөл ауданының Аманқарағай ауылында 12 бас ірі қара малы, 118 бас шошқа және 261 бас құс қырылды. Өрттен ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік учаскелері зардап шеккен. Бірақ аса көп емес. Қарабалық ауданында 17 га егін орағы өртенсе, Меңдіқара ауданында 1 га дәнді дақылды өрт шарпыған.

Айта кетейік, өңірдегі жалпы егіс алқабы 5,3 млн га құрайды, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 3,9 млн га, бидай – 3,5 млн га және майлы дақылдар 749,1 мың га.

Өңір әкімдігінің жедел мәліметтері бойынша, биылғы жылдың 3 қыркүйегіне дейін 1,8 млн га немесе егіс алаңының 45,3 пайызы, 1,8 млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналған екен.  

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, облыста 43 мың га орман шаруашылығы өртке оранған. 10 адам зардап шекті, 1 адам қайтыс болды. 108 үй-жай жойылып, бүлінген. Оның 98-і толықтай жанып кеткен.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өрт салдарынан баспанасыз қалғандарға жаңа үйлер салынатынын мәлімдеді.

«Құрылысты қысқа мерзімде аяқтау үшін жедел жұмыс істеуіміз керек. Бұл мәселе – Президенттің жеке бақылауында», деді Әлихан Смайылов.

Екі екінші деңгейлі банк өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындардың кредитін кешіретінін хабарлады. Олар – Halyk Bank және Jusan Bank.

Halyk Bank зардап шеккен әр отбасыға 1 млн теңге көлемінде қаржы бөлмек.

«Үйінен айрылған адамдар күш жинап, алған қаражатын ең қажеттісіне – тұрғын үйді жалға алуға, киім-кешек, тамақ және қажетті тауарлар сатып алуға жұмсауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, банк басшылығы жанып кеткен үйлердің барлық иелеріне Halyk Bank-тегі қолданыстағы кредиттерді жабу туралы шешім қабылдады. Банк басшылығы мен ұжымы Озерное, Лесное, Аманқарағай ауылдарының барлық өрт салдарынан зардап шеккен тұрғындарына шынайы жанашырлық танытып, олардың өмірлері жақын арада үйреншікті арнаға оралады деген үмітте», делінген хабарламада.

Jusan bank те осындай шешім қабылдады.

«Jusan Bank өрт салдарынан баспанасыз қалған Қостанай облысы тұрғындарының несиелері мен қарыздарын есептен шығарады. Jusan ұжымы мен басқармасы апат салдарынан туған-туыстары мен жақындарынан айырылған отбасыларға шын жүректен көңіл айтып, көмектесу үшін бар күш-жігерін салады», делінген хабарламада.

«Зардап шеккен азаматтарда таңдау бар – жаңа үй тұрғызуға немесе өтемақы алуға. Үй құрылысы қысқа мерзімде жүзеге асырылады. Қазір басты міндет – өртті толық өшіру. Ірі және шағын кәсіпорындар да қалыс қалмай, көмек қолын созып жатыр», деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Қазір облыста жергілікті ауқымдағы Төтенше Жағдай режимі жарияланды. Облыс әкімдігі резервінен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қаржы бөлінген.

«Новонеженка ауылында ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлінің күшімен зардап шеккен халықты қабылдау үшін палаталар өрістетілді. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында суағызу құрылғылары бар ҚР ҚМ 3 әуе кемесі әзірліктк  тұр.

3 қыркүйек сағат 16.00-ден бастап Озерное ауылындағы тұрғын үй құрылыстарына (8 тұрғын үй, 1 әкімшілік ғимарат), Лесное а. (1 тұрғын үй), Аманқарағай а. (98 тұрғын үй және шаруашылық құрылыстар), Аманқарағай мұнай базасының аумағына өрттің көшуі тіркелді. Қазіргі уақытта ЖАО комиссиясы келтірілген залалдың есебін жүргізуде.

10 адам жарақат алды, күйік алды, жеңіл және орташа ауырлықтағы улану (халықтың 5 адамы, бір кәмелетке толмаған адамды қоса алғанда, 1 орман шаруашылығының қызметкері, 1 әкімдік қызметкері, 3 ТЖМ қызметкері), оның ішінде 4 орталық аудандық ауруханада, 6 тексеруден кейін және көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласында Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен гуманитарлық көмек жасақталуда», делінген Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штабының 4 қыркүйек күнгі 18:00-дегі хабарламасында.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрттің 2 қыркүйек күні сағат 15:10-да басталғанын, өрттің таралуына жоғары температура және қатты жел себеп болғанын айтты.

«Алдымен жалын орманның үлкен аумағын шарпыды, кейін елді мекендерге қауіп төнді. Абайсыз қарым-қатынас өртке себеп болуы мүмкін. Тергеу органдары барлық ықтимал нұсқаларды қарастырады. Әзірге біз найзағай разрядтары нәтижесінде пайда болған табиғи өрт нұсқасын жоққа шығарамыз. Ал қалғандары – отты абайсызда ұстаудан бастап қасақана жасалғанға дейінгі нұсқалар қарастырылады», деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз