Агросақтандыру: сыйақыны субсидиялау көлемі өседі

Жарияланды
2022 жылдың 5 айында 184 сақтандыру жөніндегі келісімге қол қойылған

Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде агросақтандыру сыйақыларын субсидиялау 50 пайыздан 80 пайызға дейін артатынын хабарлады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін сақтандыру полисінің құнын төмендетуге мүмкіндік беріп, сондай-ақ агросақтандыруды одан да қолжетімді ете түседі.

2020 жылдан бастап Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінде сақтандырудың жаңа жүйесі жұмыс істейді. Сақтандыру сыйақыларын субсидиялаудың негізгі мақсаты – агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қарыз және саудалық қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру. Қазіргі уақытта өсімдік және мал шаруашылығы салаларында келесідей сақтандыру өнімдері бекітілген: Топырақтың ылғалдылығының жетіспеушілік индексін сақтандыру; Топырақтың артық ылғалдылық индексін сақтандыру; Күздік дақылдар үшін топырақ ылғалдылығының жетіспеушілік индексін сақтандыру; ірі қара мал, қой мен ешкі, жылқы мен құстарды сақтандыру.

Өсімдік шаруашылығындағы сақтандыруға дәнді дақылдар (бидай, сұлы, арпа, жүгері), күздік және майлы дақылдар жатады. Сондай-ақ пассивті микротолқынды қашықтықтан зондтау негізінде «өсімдіктердің оптикалық тереңдігі» индексінің мониторингін көздейтін биомасса индексін сақтандыру бойынша сақтандыру өнімі жұмыс істейді. Өсімдіктердің оптикалық тереңдігі өсімдіктердегі судың салыстырмалы мөлшерін анықтап, өсімдіктердің өсуі мен биомассасын көрсетеді.

Сақтандырумен «JÝSAN Garant» СК» АҚ, «ВИКТОРИЯ» СК» АҚ, «Nomad Insurance» СК» АҚ, «Amanat» СК» АҚ және «Лондон-Алматы» СК» АҚ-лары айналысады. Аталған сақтандыру өнімдерінің шеңберіндегі тәуекелдер әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар SWISS Re (Швейцария), HANNOVER RE (Германия), MUNICH RE (Германия) халықаралық қайта сақтандыру компанияларында қайта сақтандырылады. Олар сақтандыру жағдайлары басталған кезде кепілдік берілген төлемдерді қамтамасыз етеді», делінген ведомство хабарламасында.

Ауыл шаруашылығы саласындағы сақтандырудың операторы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ. Барлық рәсімдер – шарт жасасудан бастап, төлемдерге дейін, ақпараттық жүйе арқылы онлайн жүргізіледі.

Сақтандыру жағдайы жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде тіркеледі, бұл жүйе адами факторды толығымен алып тастауға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Ылғал деңгейінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіліп отырады және сақтандыру жағдайының басталу фактісі автоматты түрде тіркеледі.

Жалпы, соңғы жылдары агросақтандыруға деген қызығушылық біршама артқан. 2020 жылы 93 келісім жасалса, 2022 жылдың 5 айында 184 сақтандыру жөніндегі келісімге қол қойылған. Аграрлық несие корпорациясының мәліметі бойынша, биыл алғашқы бес айда төленген субсидия көлемі 500 млрд теңгеден асыпты.

Осыған дейін сенатор Ольга Булавкина елдегі агросақтандыру саласына алаңдайтынын айтқан еді. Оның сөзінше, елімізде агросақтандырудың дамуын тежейтін бірқатар факторлар бар. Депутаттың айтуынша, былтырғы барлық егіс алқабының тек 1 пайызға жетер-жетпес көлемі ғана сақтандырылған.

«Сонымен қатар, мысалға алар болсақ, Қазақстанға қарағанда климаттық қауіп-қатер әлдеқайда төмен болса да Еуропалық Одақ елдерінде ауыл шаруашылығы алаңдарының 60 пайыздан астамы сақтандыру арқылы қорғалады. Елімізде агросақтандыруға сұраныстың төмен болуына негізгі себептердің бірі – ол мемлекеттік қолдау көлемінің аздығы мен сақтандыру өнімдерін пайдалану мәдениетінің жоқтығы деп ойлаймын. Бүгінде Қазақстанда мемлекет ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін сақтандыру сыйақысының 50 пайызына ғана субсидия береді. Агросекторы дамыған елдерде оның мөлшері 60 пайыздан 95 пайызға дейін ауытқып отырады», дейді депутат.

Сонымен қатар Ольга Булавкина сақтандыру мөлшеріне қатысты жоғары деңгейде субсидиялаудың маңызы жоғары екендігін алға тартты. Былтыр құрғақшылықтан Қостанай және Ақмола облыстарындағы 178 мың гектарға жуық дәнді дақылдар күйіп кеткенін мысалға келтірді. Бұл ретте өз егістіктерін сақтандырған жекелеген шаруалар ғана сақтандыру төлемдерін ала алған болатын.

Агросақтандыру қауымдастығының өкілі Елдос Әуезбековтың айтуынша, аграрлар жылдың басында жалпы сомасы 476 млн теңгеге қуаңшылық тәуекелін сақтандырған.

«Сақтандыру қорғанысы 3 ай – 15 мамырдан 15 тамызға дейін күшінде болады. 14 маусымда аяқталған бірінші фазаның қорытындысы бойынша сақтандыру сатып алған фермерлерге 652 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Осылайша, сақтандыру төлемдері қазірдің өзінде полис құнын жапты, яғни, аграрлар шығындарын өтей алды. Бұл өте тиімді», дейді ол.

Әдетте экономиканың түрлі секторларында субсидия түрінде мемлекеттік қолдау мөлшерінің артуын сарапшылар сынға алып жатады. Бірақ қауымдастық ауыл шаруашылығы дамыған елдерде агросақтандыруда мемлекет үлесінің артуы пайда әкеліп жатыр дейді.

«Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, Қытайда сақтандыру сыйлықақысының субсидиялау мөлшері 80 пайызды, Үндістанда 90 пайызды құрайды. Неміс-Қазақстан аграрлық-саяси диалогы Agroinsurance international компаниясының халықаралық сарапшыларымен бірлесіп, Қазақстанда ауыл шаруашылығын сақтандыруды дамыту бойынша зерттеу жүргізіп, сонымен қатар ауыл шаруашылығын сақтандыру бойынша субсидияларды 70-80 пайызға дейін арттыру орынды деген қорытындыға келді», дейді Елдос Әуезбеков.

Аграрлық несие корпорациясының дерегінше, 2020-2021 жылдары егін шаруашылығын құрғақшылықтан сақтандыру желісі арқылы ғана шаруаларға 1 миллиард 327,3 миллион теңге төленген. Бұл ретте сақтандыру үшін фермерлер төлеген жалпы сома – 241,5 млн теңге. Бұл кезеңде мемлекеттің субсидия көлемі де дәл осы сома мөлшерінде болған.

Сондай-ақ оқыңыз