Жезқазғанда жаңа мұнай өңдеу зауыты салынады

Жарияланды
Ұлытау облысына 1,8 трлн теңге инвестиция құйылмақ

Ұлытау облысының әкімдігі Үкіметпен бірлесіп Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген. Осы жоспар аясында Жезқазғанда мұнай өңдеу зауыты салынбақ. 30 адамды жұмыспен қамтитын зауыт жылына 1 млн тонна өнім өндіреді деп жоспарланған.

Үкімет мүшелері жоспарды мақұлдады.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әдбіғалиұлының айтуынша, аталған құжат 9 бағыт бойынша іс-шаралар кешенін қамтиды.

«Жалпы, бес жылдық кезеңдегі инвестиция көлемі – 1,8 трлн теңге. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 351 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 147 млрд теңге бөлінсе жеке инвестициялар 1,3 трлн теңгені құрайды», деді әкім.

Ұлытау облысының индустриялық-инновациялық дамуы өнеркәсіптік реагент шығару жөніндегі химия зауытының құрылысын, мұнай өңдеу зауытын, қара мыс концентраттарын өндіру зауытын, Жезқазған мыс балқыту зауытының жаңа күкірт қышқылы цехын және т.б. іске қосуды қамтиды. Жалпы, 3 мың жаңа жұмыс орын ашатын 16 жобаны іске асыру жоспарланған. Оған 787 млрд. теңге қаржы құйылмақ.

Өңірде минералдық-шикізат базасын кеңейту аясында геологиялық кластер салынып, 9 кен орнына геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд. теңгені құрайды.

Агроөнеркәсіптік кешен саласында ет өңдеу және сүт өңдеу зауыттарын салу, құс еті мен жұмыртқа өндіру кешенін іске қосу, ұн тарту кешенін жаңғырту сияқты т.б. 11 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Сала инвестицияларының жалпы көлемі 45 млрд. теңгеден асады.

Сондай-ақ оқыңыз