«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» 30,5 млн жай акциясын сатылымға шығарады

Жарияланды
Бір акция құны 8 406 теңге болмақ

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өзіне тиесілі 551 698 745 акциясынан 30 505 974 жай акциясын сатады, деп хабарлайды қордың баспасөз қызметі.

ҚМГ акциялары «Астана» халықаралық биржасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығының қор биржасының бағалы қағаздарының ресми тізіміне енгізіліп, AIX-те саудаланады.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, сатылымға шығарылып отырған акциялар компания акцияларының тек 5 пайызын құрайды. Бір акция құны 8 406 теңге болмақ.

«Ұсыныс шеңберінде 90,42% Акцияларға иелік ететін Қор инвесторлардың кең ауқымына (Қазақстан азаматтары үшін басымдықпен) 30 505 974 Акцияға дейін сатып алуды ұсынуға ниетті, бұл барлық акциялардың жалпы санының шамамен 5%-ын құрайды. Қалған акциялар қазіргі уақытта Қазақстан Ұлттық Банкіне тиесілі. Осылайша IPO-ның нәтижелері бойынша Қор кем дегенде 85% Акцияларға иелік етуді жалғастырады. Ұсыныстың шеңберінде бір акцияның бағасы шамамен 5,1 триллион теңге мөлшерінде капиталдандыруды болжай отырып, бір Акция үшін 8 406 теңгені құрайды», деді Басқарма төрағасы.

Инвесторлардан өтінім қабылдау 2022 жылдың 9 қарашасында басталып, институционалдық инвесторлар үшін 2022 жылдың 30 қарашасында, ал жеке инвесторлар үшін 2022 жылдың 2 желтоқсанында аяқталмақ.

ҚазМұнайГаз» мұнай-газ компаниясы көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және сервистік қызметтер көрсетуге дейінгі барлық өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысады. Компания елдегі мұнай мен газ конденсатын өндіруде 25% , тасымалдауда 56% және мұнай өңдеуде 82% қамтиды. Оның шоғырландырылған активтері 15 триллион теңгеден асады.

«Үкімет пен Қордың «ҚазМұнайГаз» акцияларының бір бөлігін еркін нарықта сату туралы шешімі әлеуетті инвесторларға компанияның акцияларын сатып алуға мүмкіндік береді, Қазақстандағы бағалы қағаздар және қор биржалары нарығының дамуына ықпал ететін болады. Бұл ретте компанияны бақылау мемлекетте қалатынын атап өтемін. Біз өз тарапымыздан «ҚазМұнайГаз» компаниясы инвесторларымыз үшін тартымды болуы және олардың инвестициялық портфельдерінде лайықты орын алуы үшін бар күшімізді саламыз», деді ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев,

Жоспарланған ұсыныстың негізгі аспектілері қандай?

ҚМГ акцияларының IPO-сы ел Үкіметі бекіткен «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын» іске асыру аясында өткізіледі.

ҚМГ ұсыныс шеңберінде тағы да акция орналастыруды жоспарлап отырған жоқ және IPO-ның нәтижесінде Қор акцияларды сатудан ақшалай қаражат алмайды.

Акциялар AIX ресми тізіміне «KMG» сауда кодымен 2022 жылғы 7 желтоқсанда енгізілмек, ал AIX-те сауда-саттыққа рұқсат 2022 жылғы 8 желтоқсаннан басталуы тиіс.

ҚМГ-ның жай акциялары «KMGZ» сауда коды бар KASE листингіне енгізілген.

ҚМГ-ның ағымдағы акционерлері – Қазақстан Республикасының Қоры мен Ұлттық Банкі үшін IPO өткізілгеннен кейін – Акцияларды сатуға немесе өзге де иеліктен шығаруға 180 күндік тыйым салынатын болады (әрбір жағдайда белгілі бір жалпы қабылданған ерекшеліктермен).

ҚМГ және Қор өкілдерінің қатысуымен роудшоуды 2022 жылғы 9 қарашадан бастап немесе осы күнге жақын уақытта өткізу жоспарлануда.

Ұсыныстың бірлескен үйлестірушілері мен букраннерлері «BCC Invest» АҚ, «Фридом Финанс» АҚ, «Halyk Finance» АҚ және «SkyBridge Invest» АҚ.

Сондай-ақ оқыңыз