Ұлттық банк: Инфляция өсуін жалғастырады

Жарияланды
Әлемдік нарықтағы жағдай Қазақстанға да әсер етіп отыр

Биыл жаһандық инфляция бас бермей тұр. Халықаралық Валюта Қорыны болжамына сәйкес, ол жыл соңында 8,8%-ға жетпек. Әлемдік нарықтағы жағдай Қазақстанға да әсер етіп отыр. Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов Сенаттың пленарлық отырысында инфляция өсуін жалғастырады деп мәлімдеді.

Баяндамашы жоғары құбылмалылық пен белгісіздік 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, оның ішінде ақша-кредит саясаты мен төлем балансының көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етіп жатыр дейді.

«Экономиканы фискалдық ынталандыру аясында инфляциялық күтулердің артуына байланысты және азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік өсуінен Қазақстанда да инфляция қарқын алып келеді. Қазан айының қорытындысы бойынша инфляция 18,8%-ға жетті.Біздің болжамымыз бойынша, сыртқы инфляцияның ішкі бағаларға әсеріне, инфляциялық күтулердің миграциялық шок салдарынан артуына байланысты инфляция өсуін жалғастырады», деді ҰБ басшысы.

Жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатын ескере отырып, сыртқы инфляциялық қысымның болжамды төмендеуіне байланысты, инфляциялық процестер 2023 жылы баяулайды деген болжам бар.

Шикізаттың қымбаттауына байланысты 2022 жылы төлем балансының ағымдағы шоты профициттік аймаққа ауысуы ықтимал. Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, бұл жағдай мұнай, металл, уран мен дәнді дақылдардың әлемдік бағасының жоғары болуына байланысты, тауар экспортының өсуі есебінен 2023 жылы да сақталады. Тауар импорты жоғары сұраныс пен фискалдық шығыстар аясында жоғары деңгейде қалады.

Сондай-ақ оқыңыз