Биогумустың пайдасы мол

Жарияланды
Кәсіпкер Пернабек Оразұлы осы кәсіптің қыр-сырын айтып берді

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығындағы ең қажетті тыңайтқыштың бірі биогумус. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері Пернебек Оразұлы калифорниялық қызыл шылаушын өсіріп, биогумус өндіру кәсібін дамытып отыр.

Биогумус деген не?

Биогумус – органикалық тыңайтқыш, ауыл шаруашылық қалдықтары шылаушын және басқа да микроағзалармен (саңырауқұлақтар, бактериялар, актиномицедтер, жәндіктер, буынаяқтылар) өңделеді.

Биогумус өте пайдалы органикалық тыңайтқыш болғандықтан, оған деген сұраныс та жоғары. Биогумус топырақтың құнарын, құрылымы мен физикалық қасиеттерін жақсартады. Биогумуспен тыңайтылған топырақты бірнеше жыл қолдануға болады.

– Пернебек Оразұлы бұл кәсіпті қолға алғаныңызға қанша уақыт болды?

– Бұл кәсіпті бастағаныма 3 жыл болды.

– Осы кәсіп туралы толық айтып кетсеңіз

– Бұл шаруа калифорниялық қызыл шылаушындар арқылы көңді өңдеу, биогумус ( қара топырақ) деп аталады. Өз шикізатымызды өңдеп, ауыл шаруашылығына тыңайтқыш дайындаймыз. Бұл тыңайтқыш ешқандай қоспасыз табиғи өнім. Қызыл шылаушындар жануарлардың көңімен қоректенеді, солардан шыққан дүниені биогумус деп атаймыз. Бұл органикалық тыңайтқышқа жатады. Қазіргі таңда жердің құнары өте нашар. Барлығы химиялық өнім жасап жатыр. Ал бұл тыңайтқыштар арқылы таза органикалық өнім аласыз.

– Қай мемлекетте биогумусқа сұранысы көп?

 Негізі бұл сала Америкада қатты дамыған. Сондай-ақ, Европа, Үндістанда, Өзбекстанда бұл тыңайтқыштарға сұраныс өте жоғары.

– Сонда сіздердің пайдаланатын шылаушын,  өзіміздегі жауын құрттары емес пе?

– Жоқ, біз пайдаланатын шылаушындар калифорниялық қызыл құрттар. Бұл шылаушындар қарапайым құрт сияқты емес, ұзақ өмір сүреді. Бұл шылаушындардың арнайы құжаттары бар. Олар қарапайым шылаушын сияқты топыраққа кіріп, қашып кетпейді, азық берген жерде өмір сүре береді.

 Калифорниялық қызыл құрт қандай жәндік?

Калифорниялық қызыл құрт – үй жануары сынды зияны жоқ жәндік. Оны өсірудің еш қиындығы жоқ, оларды арнайы жәшіктерде өсіруге болады. Тамақты көп талғамайды. Екі шаршы метрден жылына бір тонна биогумусқа дейін алуға болады. Жәшікті дайындағанда астына дринаж қызметін атқаратын құм салады. Сосын 1-2 см топырақ, 3-5 см тамақ қалдықтары, одан сoң қайтадан 1,2 см топырақ салады. Арасына жұмыртқа қабығының ұнтағын салу керек. Себебі, құрттар қышқыл ортаны ұнатпайды. Қыста жылы жерде ұстап, күн жылынған кезде бау-бақшаға жіберуге болады. Өсімдік қалдықтарының барлығымен қоректеніп, оны қара шіріндіге айналдырады. Шылаушынның өнімі биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтып жібереді, диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе жылыжай егіні мен гүл топырағына өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш себілген жер төрт жылға дейін өзінің жоғары құнарын сақтайды.Калифорниялық қызыл құрттың ұзындығы 10 см, диаметрі 3-5 мм, дене салмағы шамамен 1г тартады. Өмір сүру ұзақтығы – 16 жыл. Кәдімгі жауын құртына қарағанда 150 есе тез көбейеді. 21 күнде жаңа ұрпақ пайда болады. 90-120 күнде ересек күйге өтеді. Екі шұбалшыңның ұрпағы жылына 1,5 мыңға дейін жетеді.

– 1 шаршы метр жерде қанша шылаушын болады?

– 1 шаршы метр жерде 40-50 мың шылаушынға дейін болады.

–  Бұл кәсіп біздің елімізде қаншалықты дамыған? Бәсеке бар ма?

– Бұл шаруаны енді ғана қолға алып жатырмыз. Бәсеке өте аз. Мен елімізде ең алғашқылардың  бірі болып тыңайтқышты (биогумус) дамыту кәсібін қолға алдым. Сонымен қатар, Алматы қаласы бойынша бірінші болып осы сала жайлы әлеуметтік желіде нақты ақпараттар беріп, кәсіп бастауға көмектесіп жүрмін.

– Ал бұл тыңайтқышқа сұраныс бар ма?

– Диқандар арасында сұраныс жақсы. Бір алған адамдар тағы да тапсырыс береді.

– Бұл саламен  кез келген адам  айналыса ала ма?

– Әрине. Бұл шаруамен кез келген адам және кез келген жерде айналысуға болады. Мысалы біз сияқты осы салада кәсіп ашып, немесе өз есігінің алдында да кішігірім жерге тыңайтқыш  (биогумус) дайындауға болады.

– Бұл тыңайтқыштарға қолданатын шылаушындардың бағасы қанша?

– 40 мыңға жуық шылаушын 150 мың теңге тұрады. Жасырын емес, алғашқы бір жылда бұл салада нақты көп қаржы таба алмайсыз. Бірақ, бұл кәсіпке ден қойып істесе, ай сайын жақсы қаражат табуға болады. 4-5 айда 10 млн теңге көлемінде қаржы табуға болады.

– Осы кәсіптің артықшылығы мен кемшілігі туралы айта кетсеңіз?

– Бұл саланың артықшылығы біріншіден, адам баласына, оның денсаулығына пайдалы. Ал екіншіден жерімізге орасан зор пайдасы бар. Бұл кәсіпте үлкен қаражат, пайда табуға болады.

– Қанша адамды  жұмыспен қамтып етіп отырсыздар?

– Қазіргі уақытта 5-6 адам жұмыспен қамтып етіп отырмын. Жұмыс көп болған кезде (сезон) 10-15 адамға дейін жұмыс істейді.

– Бұл кәсіп өзін толық ақтайды ма?

Әрине, толық ақтайды. Ең бастысы еңбек пен шыдамдылық қажет.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз